Қазақстан Еуроодақпен инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі

19 Мамыр 2023, 14:56
863
Бөлісу:
Қазақстан Еуроодақпен инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті Валдис Домбровскис Алматыда өтіп жатқан «ЕО-ОА» екінші экономикалық форумы аясында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Еуроодақ – Қазақстанның сауда-саттық саласындағы ең ірі және маңызды серіктестерінің бірі, еліміздің сыртқы саудасының шамамен 30%-ы Еуроодақтың үлесіне тиесілі. Мәселен, өткен жылы тауар айналымының өсімі 38%-дан асып, шамамен $40 млрд болды. Биыл да бұл көрсеткіш қарқынды өсіп келеді: 3 айда сауда көлемі 12,5%-ға ұлғайып, $10 млрд-тан асты. Осы орайда Қазақстан Еуропаға жалпы құны шамамен $2,3 млрд болатын 175 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын.

Біз Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың сапасын арттыруға басымдық береміз және Қазақстан мен Еуропа арасындағы сенім мен құрметке негізделген өзара іс-қимылды әрі қарай нығайтуға ниеттіміз, — деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Қазақстан мен ЕО арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы Еуроодақтан Қазақстан экономикасына тартылған тікелей инвестициялар көлемі шамамен 23%-ға өсіп, $12,5 млрд болды, бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

Біз инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін қолда бар мүмкіндіктердің барлығын іске қосуға мүдделіміз, — деді Әлихан Смайылов.

Өз тарапынан Валдис Домбровскис Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар өте серпінді дамып келе жатқанын, оған кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім және шикізат, аккумуляторлық батареялар және жаңартылатын сутектің тұрақты құн тізбектері жөніндегі меморандум ықпал ететінін атап өтті.

Сонымен қатар біз Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдері арасында жүк тасымалдаудың жаңа жолдары мен мүмкіндіктерін дамытуға мүдделіміз. Ол үшін инвесторларды өңірдегі жобаларға тарту қажет, бұл тасымалдау кезінде кедергілерді жоюға және инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді, — деді Валдис Домбровскис.

Кездесу қорытындысы бойынша Шикізат, аккумуляторлық батареялар және жаңартылатын сутектің тұрақты құн тізбектері саласындағы стратегиялық әріптестік туралы ҚР мен ЕО арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру бойынша жол картасын бекіту рәсімі өтті.

Еске сала кетейік, осы меморандумға өткен жылы БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі «COP-27» конференциясында Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйен қол қойған болатын.

Сонымен қатар Қазақстанда 9 млн еуро сомасына жобаларды іске асыруды көздейтін «ҚР-ЕО ынтымақтастық құралы» қаржылық келісіміне қол қойылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов пен Валдис Домбровскис бірге БАҚ-қа мәлімдеме жасады.

Өзгелердің жаңалығы