Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, біртіндеп әртараптандырылған үлгіге көшіп келеді. Мұндай қорытынды World Impact Media Organization ұйымының елдің экономикалық дамуына арналған зерттеуінде жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зерттеу авторларының айтуынша, Қазақстан әлемдік экономикадағы күрделі жағдайға қарамастан оң даму қарқынын сақтап отыр. Қазір жаһандық деңгейде инвестиция үшін бәсеке күшейіп, инфляциялық қысым сақталып, экономикалық өсім баяулаған.
Экономика өсімі сақталды
Зерттеу мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға, ал 2026 жылдың алғашқы бес айында тағы 3,7 пайызға өскен.
Бұл көрсеткіштер ел экономикасында айтарлықтай өзгерістер болып жатқанын көрсетеді. Қазақстанның дамуы енді тек шикізат секторына ғана емес, инвестицияға, өнеркәсіпке және заманауи қызмет көрсету саласына көбірек сүйеніп келеді. Әсіресе мұның әлемдік экономиканың баяулауы жағдайында жүзеге асып отырғаны маңызды, – делінген зерттеуде.
Авторлардың пікірінше, экономикалық өсімнің тұрақтылығы бірнеше саланың қатар дамуына байланысты. Атап айтқанда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, сауда, ауыл шаруашылығы мен телекоммуникация салалары жоғары қарқын көрсетіп отыр.
Инвестиция көлемі артып келеді
Зерттеуде инвестициялық белсенділік экономикалық өсімнің негізгі факторларының бірі екені айтылған.
Өткен жылдың қорытындысында Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20,5 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға көп.
Сонымен қатар БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (UNESCAP) мәліметіне сәйкес, Қазақстан жаңа жобаларға (greenfield) 19 млрд доллар инвестиция тартып, Орталық Азиядағы осындай инвестициялардың 89 пайызын қамтамасыз еткен.
Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында негізгі капиталға салынған инвестиция 7 пайызға, жеке инвестициялар көлемі 17,4 пайызға ұлғайған.
Реформалар инвестициялық ахуалды жақсартып отыр
Зерттеу авторлары инвестиция көлемінің артуын елде жүргізіліп жатқан реформалармен байланыстырады.
Олардың қатарында 2030 жылға дейінгі жаңартылған инвестициялық саясат тұжырымдамасы, Инвестициялық штабтың жұмысы, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның іске қосылуы және ірі жобалар үшін заңнаманың тұрақтылығына 25 жылға дейін кепілдік беретін арнайы инвестициялық келісімдер аталған.
Бұдан бөлек, Қазақстанда арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жұмыс істейді. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына сүйене отырып, инвесторларға тәуелсіз дау шешу тетіктері мен заманауи қаржы құралдарын ұсынады.
Экономика өндіріс бағытына бет бұрды
Зерттеуде мемлекеттік саясаттың қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға басымдық беріп отырғаны атап өтілген.
2025 жылы өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 47 пайыздан астамға артқан.
Агроөнеркәсіп кешенінде де өсім жалғасуда. Биылғы алғашқы бес айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,6 пайызға, салаға салынған инвестиция 36,4 пайызға өскен. Ал азық-түлік өндірісіне бағытталған инвестиция көлемі 2,7 есе көбейген.
Авторлар энергетика саласындағы өзгерістерге де назар аударған. Елде жаңартылатын энергия көздері нысандарының құрылысы жалғасып, қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан халықаралық әріптестікті кеңейтіп келеді
Зерттеушілердің айтуынша, Қазақстан инвестиция саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп келеді.
Соңғы жылдары ел Сингапур, Қатар, Қытай және Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттермен инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдер жасасқан.
Зерттеу авторларының пікірінше, мұндай қадамдар шетелдік инвесторлардың сенімін арттырып, бизнес жүргізуге қолайлы әрі болжамды орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы World Impact Media Organization сарапшылары Қазақстанның экономикалық дамуы біртіндеп шикізат өндіруге ғана емес, инвестицияға, өнеркәсіпке, логистикаға, ауыл шаруашылығына және заманауи қызмет көрсету салаларына сүйенетін жаңа үлгіге көшіп жатқанын атап өткен. Зерттеу авторлары жүргізіліп жатқан институционалдық реформалар ел экономикасының ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуына негіз қалайтынын айтады.