Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы тарихында алғаш рет ДДҰ Ассамблеясының А комитетіне төрағалық етті. Бұл комитет – жаһандық денсаулық сақтау саясатының негізгі бағыттарын қарайтын екі маңызды құрылымның бірі.
Комитет төрағасы болып Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев сайланды.
Қазақстан төрағалығы кезеңінде комитет күн тәртібіне пандемияларға дайындық, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығы, медициналық қызметтерге әмбебап қолжетімділік, цифрландыру, жасанды интеллектті медицинада қолдану, микробқа қарсы тұрақтылық және психикалық денсаулық сияқты өзекті мәселелерді енгізді.
Жұмыстың алғашқы күнінде-ақ А комитеті халықаралық деңгейдегі маңызды тақырыптардың бірі – ДДҰ-ның пандемиялық келісімі мен оған қатысты қосымшаларды талқылауға кірісті. Талқылау барысында 60-тан астам ел келіссөздерді жалғастыруға және өзара сенім мен ынтымақтастыққа негізделген ортақ шешімге келу қажеттігін қолдады.
Дамушы елдер патогендерге, технологиялар мен ғылыми ақпаратқа әділ қолжетімділік мәселесін көтерсе, дамыған мемлекеттер болашақ пандемияларға тиімді әрекет ететін халықаралық тетіктерді қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Талқылауға Еуропалық одақ, GAVI, South Centre және өзге де халықаралық ұйымдар мен кәсіби қауымдастық өкілдері қатысты.
Комитет жұмысы барысында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті күшейту және әсіресе шалғай өңірлерде медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Қазақстан тарапы алғашқы медициналық көмекті дамыту, телемедицина мен мобильді медицинаны кеңейту, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру тетіктерін жетілдіру жөніндегі тәжірибесін ұсынды.
Қазақстан өкілінің айтуынша, шалғай елді мекендерде тұратын халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігі – басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта алғашқы буын жүйелі түрде нығайтылып, телемедициналық қызметтер кеңейтіліп, цифрлық технологиялар енгізілуде.
Қазіргі таңда елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін шамамен 5 мың ұйым жұмыс істейді, олардың басым бөлігі ауылдық және шалғай өңір тұрғындарына қызмет көрсетеді. Сондай-ақ медицина қызметкерлерін өңірлерге тарту және қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді.
Қазақстанның ДДҰ Ассамблеясы А комитетіне төрағалық етуі елдің халықаралық беделінің артып, жаһандық денсаулық сақтау саясатын қалыптастырудағы рөлінің күшейгенін көрсетеді.