Қазақстан Coursera-ның Global Skills Report 2026 жаһандық есебі аясында жарияланған AI-Human Skills Synergy Index 2026 индексінде 98 елдің ішінде 55-орынға ие болды.
Жаңа индекс білім алушылардың жасанды интеллект дағдыларын сыни ойлау, көшбасшылық, коммуникация және күрделі міндеттерді шешу сияқты адами құзыреттермен қатар қаншалықты дамытып жатқанын бағалайды.
Coursera әдістемесіне сәйкес индекс дағдыларды меңгеру деңгейін, зерттелетін құзыреттер ауқымын, AI және адами дағдылардың үйлесімін, сондай-ақ елдің жасанды интеллектке дайындық деңгейін ескереді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанда AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында 100 жоғары оқу орны жұмыс істеп жатыр. Бағдарлама аясында AI курстарын оқу процесіне енгізу, нәтижелерді бақылау және оқу мазмұнын жаңарту бағыттарына басымдық берілген.
Бүгінде 1 200-ден астам педагог заманауи онлайн оқыту әдістерін меңгеріп, 35 авторлық курс әзірлеуге қатысты.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллект саласындағы біліммен қатар оны іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін дағдыларды дамыту студенттерді өзгермелі еңбек нарығына дайындаудың маңызды бөлігі саналады.
Сонымен бірге Coursera индексі платформаның белсенді пайдаланушылары арасындағы дағдылардың даму динамикасын көрсететінін ескеру қажет. Сондықтан көрсеткіш Қазақстан халқының жалпы дағдылар деңгейін тікелей сипаттамайды.
Тағы оқи отырыңыз: Инновация бойынша – 73-орын, AI дағдылары бойынша – 55-орын: Қазақстан әлемдік рейтингтерде қалай көрінді