2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан бюджетіне түскен салық көлемі айтарлықтай өскенімен, елдегі салық берешегі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті BAQ.KZ редакциясының ресми сұрауға берген жауабында мәлім етті.
7 трлн теңгеге жуық түсім: бюджет қалай толықты?
2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бюджетке түскен салық көлемі 6,98 трлн теңгені құрады. Бұл сомаға мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қорға түскен түсімдер кіреді.
Мұндай көлем экономикалық белсенділіктің сақталғанын көрсетеді. Алайда түсімнің артуы салық тәртібі толық жолға қойылды дегенді білдірмейді.
716 млрд теңге берешек: негізгі мәселе қайда?
Ел бойынша салықтар мен міндетті төлемдер бойынша жалпы берешек көлемі 716,3 млрд теңгеге жеткен.
Берешектің басым бөлігі үш өңірде шоғырланған. Олар Алматы қаласы – 306,9 млрд теңге, Алматы облысы – 119,7 млрд теңге, Астана қаласы – 93,6 млрд теңгені құрады, – дейді ведомство.
Бұл мегаполистерде экономикалық айналым жоғары болғандықтан, қарыз көлемі де сәйкесінше үлкен.
660 мыңға жуық азамат – борышкер
Жеке тұлғалардың салық берешегі де аз емес.
Жеке тұлғалар бойынша берешек сомасы 33 7 млн теңгені құрайды, бұл ретте аталған санаттағы салық төлеушілер саны – 659 820 адам, – делінген жауапта.
Яғни, әрбір алтыншы-жетінші еңбекке қабілетті азаматтың салық бойынша берешегі бар деген сөз.
Айыппұлдар кешірілді: 7,7 млрд теңге есептен шығарылды
2026 жылы мемлекет салық берешегін өтеуді ынталандыру үшін жеңілдік шараларын енгізді.
10 сәуірдегі жағдай бойынша 13 млрд теңге қарыз өтеліп, 7,7 млрд теңге айыппұл мен өсімпұл есептен шығарылды, – дейді жауапты орган.
Оның ішінде өсімпұл – 4,3 млрд теңгені, айыппұл – 3,4 млрд теңгені құрап отыр.
Бұл шара 19 мың салық төлеушіні қамтыған.
Тағы оқи отырыңыздар:
Көлік салығы төмендейді, мүлік салығы қайта есептеледі: Жаңа ережелер қандай?