Қазақстан БҰҰ конвенциясындағы ескертпелерден бас тартады

Бұл шешім Қазақстанның халықаралық келісімге қосылу рәсімін толық аяқтап, оның ережелерін толыққанды қолдануға мүмкіндік береді.

Бүгiн 2026, 10:20
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 10:20
Бүгiн 2026, 10:20
147
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстан Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға қатысты Қазақстан Республикасының ескертпесі мен мәлімдемесін алып тастау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукиннің айтуынша, құжат 1947 жылғы 21 қарашада қабылданған Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияның Қазақстан үшін күшіне енуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан Конвенцияға қосылу туралы құжатты БҰҰ Бас хатшысына тапсырғаннан кейін, мамандандырылған мекемелер еліміздің ескертпесі мен мәлімдемесін қарастырды. Өткізілген консультациялар нәтижесінде олардың басым бөлігі бұл ережелердің қабылдануына қарсылық білдірді. Себебі аталған нормалар мамандандырылған мекемелер қызметкерлерінің мәртебесіне, сондай-ақ оларға берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерге қатысты конвенциялық режимнің негізгі қағидаттарына әсер етеді, - деді Лукин.

Оның айтуынша, Қазақстан бұл Конвенцияны 2020 жылы ратификациялаған кезде VI баптың бірқатар нормаларына қатысты ескертпе жасап, III бапқа байланысты мәлімдеме енгізген болатын.

Сенатордың сөзінше, БҰҰ-ның Құқықтық мәселелер жөніндегі басқармасы Конвенцияға қосылу рәсімін толық аяқтау және оның күшіне енуін қамтамасыз ету үшін Қазақстанға аталған ескертпелер мен мәлімдемені қайтарып алуды ұсынған.

Заң аясында Қазақстан Республикасының Конвенцияның VI бабының 19-бөліміндегі c), d) және e) тармақшаларына қатысты ескертпесі, сондай-ақ III баптың 9-бөліміндегі b) және c) тармақшаларына қатысты мәлімдемесі алынып тасталады.

Сенатордың айтуынша, заңның қабылдануы Конвенцияға толыққанды қатысу үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтауға, оның ережелерін толық көлемде қолдануға және Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерімен ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысы бойынша Сенат заңды мақұлдады.

Наверх