Қазақстан Болон процесінің тең төрағасы болып сайланды

8 Шілде 2022, 10:05
1444
Бөлісу:
Қазақстан Болон процесінің тең төрағасы болып сайланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылғы 1 шілдеде Болон процесіне тең төрағалық етуді Қазақстан мен Чехияға 2022 жылдың соңына дейін өткізу жөніндегі Болон процесі бақылау тобының (BFUG) онлайн форматта отырысы өтті. 

Тең төрағалар 2-3 жылда бір рет өткізілетін еуропалық жоғары білім кеңістігі министрлерінің конференциялары (ЖБЕК) арасындағы кезеңде Болон процесін басқарудың атқарушы органы болып табылатын BFUG (BFUG Board) Басқарушы кеңесінің құрамына кіреді.

Отырысқа Франция және Әзірбайжан білім министрліктерінің (шығушы тең төрағалар), Чехия мен Қазақстанның (ағымдағы тең төрағалары), сондай-ақ Албанияның (BFUG вице-төрағасы) өкілдері қатысты.

Шығушы тең төрағалары өткен жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, Болон процесін іске асыру тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар сондай-ақ 2022 жылдың екінші жартыжылдығына арналған BFUG 2021-2024 жж. жұмыс жоспарының іс-шараларымен танысты.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында Болон процесінің қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар жоспарын ұсынды. Жоспар жаңа сын-қатерлер жағдайында жоғары білім беруді дамытудың жаңа үрдістерін енгізуді, жоғары оқу орындарының автономиясын кеңейтуді, инновациялық және цифрлық экожүйені қалыптастыруды, сондай-ақ Орталық Азия білім беру хабын қалыптастыруды көздейді.

Қазақстан өңірдегі жоғары оқу орындарының ғылыми, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін біріктіру үшін жоғары білімнің бірыңғай Орталық Азия кеңістігін құруға күш-жігерін жұмылдырады. Бұл жоғары оқу орындарының студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамына білім, тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулерге қатысуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. 

2022 жылғы 5 қазанда Нұр-сұлтан қаласында BFUG Кеңесінің отырысы өтеді. Аталған шарада Болон процесін дамытудың ағымдағы мәселелері талқыланады және қол жеткізілген прогресс бағаланады.

Қазақстан 2014 жылы Грекиямен бірлесіп Болон процесінің тең төрағасы болғанын атап өту қажет.

Өзгелердің жаңалығы