Қазақстан-Бельгия қатынасына 30 жыл

25 Тамыз 2022, 12:17
1111
Бөлісу:
Қазақстан-Бельгия қатынасына 30 жыл

Бүгін Қазақстан мен Бельгия екіжақты ынтымақтастықтың тарихи маңызды күні – дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

30 жыл ішінде екі ел арасындағы тығыз саяси әріптестік, өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық және Қазақстан мен Бельгия халықтарының достық қарым-қатынастары тұрақты түрде дамыды.

Қазақстанның Бельгиямен екіжақты және көпжақты ынтымақтастығын дамытуда жоғары деңгейдегі сенімді диалог маңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы қарашада Брюссельге ресми сапары аясында Қазақстанның Бельгияны Еуропа Одағындағы маңызды саяси және экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Парламентаралық ынтымақтастық Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастары үшін ерекше маңызға ие. Парламенттер арасындағы белсенді байланыстарды ілгерілетуге ықпал ететін достық топтары жұмыс атқарады.

Қазақстан-Бельгия арасындағы мықты саяси қарым-қатынастар мен жан-жақты шарт-құқықтық база сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы әлеуетті іске асыру үшін қолайлы негіз қалады.

Бельгия Еуропа Одағына мүше елдер арасында Қазақстанның маңызды сауда әріптестерінің бірі болып табылады. 2021 жылы өзара сауда көлемі 419,7 млн АҚШ долларын құрады. Бельгиядан Қазақстанға 2005-2021 жылдар аралығында 9,96 млрд АҚШ долларына дейін жеткен тікелей инвестициялар ағыны өткен жылы 1,069 млрд АҚШ долларын құрады. Елімізде Бельгия компанияларының қатысуымен 70-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

Саяси және экономикалық қарым-қатынастармен бірге мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та жемісті дамуда. Бельгия оқырмандарына Қазақстан жазушыларының француз және нидерланд тілдеріндегі көптеген еңбектері, соның ішінде қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы ұсынылды. Қазақстан театрларында Бельгия жазушысы әрі драматург Морис Метерлинктің шығармалары бойынша қойылымдар үлкен жетістікпен өтуде.

Қазақстан-Бельгия қарым-қатынастары 30 жылдық сындарлы өзара іс-қимылмен  екі ел азаматтарының игілігі үшін табысты және өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісіне айналды.

Өзгелердің жаңалығы