Қазақстанда соңғы үш жылда 52 мыңнан астам адам азаматтық алған. Сонымен қатар мыңдаған адам басқа мемлекеттің азаматтығын алуына байланысты Қазақстан азаматтығынан айырылған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ІІМ мәліметінше, 2024 жылы 20 244 адам Қазақстан азаматтығын алған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 21 194 адамды құраған. Ал 2026 жылдың алғашқы он айында 10 968 адам Қазақстан азаматы атанған.
Ведомство азаматтық алғандардың басым бөлігі этникалық қазақтар екенін атап өтті.
Қазақстан азаматтығынан қанша адам шықты?
Министрліктің дерегінше, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 2024 жылы 77 адам, 2025 жылы 68 адам, ал 2026 жылдың он айында 43 адам Қазақстан азаматтығынан бас тартқан.
Бұдан бөлек, басқа мемлекеттің азаматтығын алуына байланысты Қазақстан азаматтығын жоғалтқан адамдар да бар. Атап айтқанда:
Қазақстан азаматтығын алу үшін қандай талаптар қойылады?
ІІМ мәліметінше, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өтініш беру арқылы Қазақстан азаматтығын ала алады.
Ол үшін алдымен елімізде тұрақты тұруға рұқсат алу қажет. Бұл құжатты ішкі істер органдары береді. Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда шетелдікке тұруға ықтиярхат рәсімделеді. Осыдан кейін ғана ол Қазақстан азаматтығын алу туралы өтініш бере алады.
Сонымен қатар Қазақстан Конституциясына сәйкес, елімізде қос азаматтыққа жол берілмейді. Сондықтан Қазақстан азаматтығын алғысы келетін шетелдіктер бұрынғы азаматтығынан бас тартуы керек.