Қазақстан азаматтары енді Біріккен ұлттар ұйымына шағымдана алады

25 Мамыр 2023, 11:40
3206
Бөлісу:
Қазақстан азаматтары енді Біріккен ұлттар ұйымына шағымдана алады
Фото: BAQ.KZ

Сенат мүгедектігі бар адамдардың түрлі саладағы құқығын қорғайтын құжатты мақұлдады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Заңның мақсаты - 2006 жылғы 13 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-минстрі Назгүл Сағындықованың айтуынша, енді мүгедектігі бар адам БҰҰ сайты арқылы Қазақстанға шағым түсіре алады.

БҰҰ-ның сайтында арнайы батырма бар. Мүгедектегі бар адам немесе оның қамқоршысы шағымды тікелей бере алады. Біз осы хаттаманы мақұлдаған 100-ші мемлекетпіз, - деп түсіндірді ол.

Факультативтік хаттаманы ратификациялау БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің құзыретін мойындауға мүмкіндік береді. Яғни Конвенцияда кепілдік берілген құқықтардың бұзылу деректері бойынша мүгедектігі бар адамдардың хабарларын (шағымдарын) қабылдау және қарау құзыреті ескерілген.

Шағымды қараудың қорытындысы бойынша Комитет нәтижелерді, түсініктемелер мен ұсынымдарды тиісті қатысушы мемлекетке жібереді. Өз кезегінде қатысушы мемлекет жарты жыл ішінде тергеу нәтижелеріне, Комитеттің түсініктемелері мен ұсынымдарына өз ескертулерін ұсынады және тергеуге жауап ретінде қабылданған шаралар туралы хабарлайды.

Қазақстанның Факультативтік хаттамаға қосылуы мүгедектігі бар адамдарға өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауға құқық береді.

Өзгелердің жаңалығы