Қазақстан әскерилері Түркияда оқу-жаттығуын өткізіп жатыр

15 Мамыр 2022, 11:45
2176
Бөлісу:
Қазақстан әскерилері Түркияда оқу-жаттығуын өткізіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлері Түркияның Измир қаласындағы «Доғанбей» полигонында өтіп жатқан «Эфес – 2022» көпұлтты жауынгерлік оқу-жаттығуына қатысуда.

Оқу-жаттығу әскери шеберлік пен жауынгерлік машық деңгейін арттыруға, сондай-ақ арнайы операциялар күштері бөлімшелерінің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге бағытталған. Одан бөлек, маневрлерге қатысу әскерлердің белгілі бір тобының құрамында өзара іс-қимылды ұйымдастыру тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді, – делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпаратында.

Бірінші кезең компьютерлік техника мен электрондық-есептеу жүйелерін қолдану арқылы командалық-штабтық оқу-жаттығу түрінде өтеді.

Ал екінші кезеңді біріккен бөлімшелерде жауынгерлік атыспен бірге практикалық іс-қимыл түрінде өткізу жоспарланған.

Ал 28 мамыр – 9 маусым аралығына жоспарланған белсенді фаза барысында әскери қызметшілер құрлықтағы және теңіздегі операцияларды бірлесіп пысықтайтын болады.

Биыл «Эфес – 2022» оқу-жаттығуына шамамен 40 елдің әскери қызметшілері қатысып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2022 жылғы 19 қаңтарда Қазақстан Қарулы күштерінің құрылымында арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылғанын атап өткен жөн.

Өзгелердің жаңалығы