Сауда тарифтерімен қақтығыс Еуразиялық одақ елдеріне тікелей емес, жанама әсер етеді. ЕДБ сарапшылары мұндай жағдайда Қазақстанның ішкі инвестициялық стратегиясы ұтымды деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшылардың пікірінше, тарифтік қақтығыстар бұл елдерге тікелей емес, жанама түрде — шикізат бағасы арқылы әсер етеді. Мәселен, түсті және бағалы металл бағасының өсуі кейбір елдер үшін сыртқы фонды жақсартса, энергия ресурстары бағасының төмендеуі басқа елдер үшін жағдайды нашарлатады. Сонымен қатар, жаһандық белгісіздіктің күшеюі шетелдік капитал тартуды қиындатады. Осы ретте ЕДБ аймақ елдері экономикалық өсімді ішкі инвестициялық әлеуетін ашу арқылы қамтамасыз ете алады деп санайды.
Вашингтонның дүниежүзілік саудамен текетіресі соңғы 20 жылдағы негізгі дағдарыстармен салыстырғанда ЕАЭО елдері үшін әлдеқайда жеңіл соққы болады, - дейді ЕАБР сарапшылары.
АҚШ пен оның әріптестері тарифтерді едәуір арттырған күннің өзінде, олардың ықпалы шектеулі болады.
Алайда бұл сауда соғысы шикізат нарығындағы ахуалға әсер етуі мүмкін. Мәселен, бағалы металл бағасының өсуі Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы өндірушілер үшін сыртқы жағдайды жақсартады. Арменияда экономикалық өсімге бюджет саясаты да қолдау береді.
Керісінше, сауда қақтығыстарынан туындаған энергия ресурстары бағасының төмендеуі аймақтың ірі мұнай экспорттаушылары – Қазақстан мен Ресейге кері әсер етуі мүмкін. ЕАБР болжамынша, 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 67 доллар, ал 2026–2027 жылдары 63 доллар болады. Ресейлік мұнайға берілетін жеңілдік сақталып, оның экспорттық бағасы 56 доллар шамасында болмақ.
Қазақстанда сыртқы күйзелістер (мұнай бағасының төмендеуі сияқты) ауқымды инвестициялық жобаларды қолдау арқылы реттеледі. Сарапшылар 2025 жылдың ақпан айында елімізде қаржы институттары арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға мемлекеттік қолдау басталғанын еске салады. Осы қолдау шараларын ескере отырып, Қазақстан экономикасының өсімі 2025 жылы және кейінгі екі жылда 5,5% деңгейінде сақталады деп болжанып отыр.