Маңызды минералдар үшін бәсеке: Қазақстанның саяси салмағы арта ма?

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 27 Қазан 2026, 16:04
27 Қазан 2026, 16:04
126
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Маңызды минералдарға сұраныс Қазақстанға инвестиция тартумен қатар, халықаралық келіссөздердегі ұстанымын күшейтуге мүмкіндік береді. Алайда бұл мүмкіндіктің экономикалық нәтижесі кенді қанша өндіргенімізге ғана емес, оны ел ішінде қаншалықты өңдей алатынымызға да байланысты. Өндіріс тиімділігін арттыру саласының сарапшысы Тельман Шуриев BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында минералдар үшін бәсекенің Қазақстанға қандай мүмкіндік беретінін және инвесторлармен келісімде нені ескеру қажеттігін түсіндірді.

Қазақстанға қызығушылық неге артып отыр?

Тельман Шуриевтің айтуынша, тау-кен металлургия саласы қазірдің өзінде Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Сарапшының бағалауынша, сектор елдің жалпы экспортының 20–25 пайызын қамтамасыз етеді.

Біз тау-кен металлургия секторының экономикаға әсерін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Ал сыни маңызды минералдарға сұраныстың өсуі Қазақстанның рөлін одан әрі арттыра алады, – дейді ол.

Шуриев Қазақстанның мүмкіндігін әлі толық игерілмеген минералдық қорымен байланыстырады. Ол Дүниежүзілік банктің бағалауына сілтеме жасап, саланың әлеуеті бірнеше триллион долларға жететінін және әлі ашылмаған бес мыңға жуық кен орны бар екенін айтты.

Сарапшы вольфрам мен уранды Қазақстанның осы бағыттағы мүмкіндігін көрсететін мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, Қазақстан вольфрам қоры бойынша екінші орында, уран өндіруден бірінші, ал қоры бойынша екінші орында тұр.

Біздегі игерілмеген үлкен қор әлем елдерінің қызығушылығын туғызады. Маңызды минералдарға сұраныс артқан жағдайда Қазақстан үлкен рөл атқара алады, – деді Тельман Шуриев.

Дегенмен сарапшының пайымынша, қызығушылықтың артуын тек қордың көлемімен түсіндіру жеткіліксіз. Әлемдегі ірі экономикалар минералдарды жеткізетін балама көздер іздеп отыр. Қазақстан үшін мүмкіндік те осы тұстан ашылады.

Қытайға тәуелділік және балама іздеген нарықтар

Шуреевтің айтуынша, Қытай металдарды өндіру мен өңдеудің негізгі орталықтарының бірі әрі олардың ірі тұтынушысы саналады. Өңдеу қуаттарының бір елде шоғырлануы басқа мемлекеттердің жеткізу тізбегіне әсер етеді.

Қытай өңдеудің үлкен бөлігін өзіне шоғырландырған. Сондықтан АҚШ, Еуропа және Қытай арасындағы қайшылықтар кезінде жеткізу тізбектері осал бола түседі. Осыған байланысты Еуропа мен АҚШ балама көздерді іздейді, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда Қазақстанның түрлі серіктеспен жұмыс істеуге дайын болуы елдің келіссөздердегі ұстанымын күшейтеді. Минералдарға мұқтаж мемлекеттер үшін Қазақстан балама жеткізуші бола алады.

Біз барлық елмен жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл біздің дауысымызға қосымша салмақ береді, – деді ол.

Сарапшы Қазақстанның Қытаймен байланысын сақтай отырып, АҚШ және Еуропамен де ынтымақтастықты дамытуынан мүмкіндік көреді.

Осы тараптар арасындағы тепе-теңдік еліміздің дамуына елеулі мүмкіндік береді. Қытаймен қарым-қатынасымыз жақсы, АҚШ-пен байланысымыз да қатар дамып келеді. Еуропа да бұл бағыттағы жобаларға белсенді қатыса бастады, – дейді ол.

Осы тұрғыдан алғанда, минералдар үшін бәсеке Қазақстанның саяси салмағын арттыруы мүмкін. Бірақ сарапшы сөзінен аңғарылатыны – бұл мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыру үшін инвестиция мен өндіріс мәселесін қатар шешу қажет.

Инвесторға концентрат тиімді, Қазақстанға өңдеу маңызды

Қазақстан үшін негізгі мәселелердің бірі – кенді игеруге және өңдеу өндірісін дамытуға қаражат тарту. Шуреевтің айтуынша, елдің өз мүмкіндігі барлық жобаны қаржыландыруға жеткіліксіз.

Бізге инвесторлар қажет. Өйткені қолданыстағы кен орындарын игеруге және қайта өңдеумен айналысуға қаражат жетіспейді, – деді сарапшы.

Алайда инвестор мен мемлекет көздейтін экономикалық нәтиже әрдайым сәйкес келе бермейді. Инвестор концентратты сыртқа шығарып, одан кейінгі өңдеуді өз елінде жүргізуге мүдделі болуы мүмкін. Ал Қазақстан үшін қосылған құнның ел ішінде қалыптасқаны маңызды.

Көптеген инвестор концентратты, яғни жартылай фабрикатты алып шығып, оны өз елінде өңдеп, қосылған құн жасағысы келеді. Ал Қазақстанның және Өнеркәсіп министрлігінің соңғы бағыты ел ішіндегі өңдеу үлесін арттыруға негізделген, - дейді Тельман Шуриев.

Сарапшының айтуынша, экономика құрылымында өңдеу саласының рөлі күшейіп келеді. Ол 2025 жылдан бастап өңдеу өнеркәсібінің үлесі өндіруші өнеркәсіптен асқанын осы бағыттағы өзгерістің белгісі ретінде атады.

Бұл Қазақстанның өңдеу рөлін күшейтіп жатқанын, қосылған құны жоғары өнім шығаруға қарай көшіп келе жатқанын көрсетеді, – деді ол.

Сонымен бірге Шуреев барлық жобадан бірден терең өңдеуді талап ету қиын екенін ескертеді. Кейбір өндірістер алдымен концентрат шығарудан басталып, кейінгі кезеңде күрделірек өнімге көшеді.

Кей жобалар бірден жоғары өңдеу сатысына шықпайды. Алғашқы бес-он жыл концентрат өндіріп, содан кейін ғана өңдеу деңгейі жоғары өнім шығара бастауы мүмкін. Бұл үлес біртіндеп артады,-дейді сарапшы.

Оның пайымынша, минералдарға сұраныс Қазақстанға инвесторлармен келіссөзде ел ішіндегі өңдеу талабын қоюға мүмкіндік береді.

Металдарға мұқтаж елдер белгілі бір металға қол жеткізу үшін осындай шарттарға келіседі. Нарық мұны түсінеді, – деді Шуриев.

Кен орнын ашу мен өндірісті іске қосу неге ұзаққа созылады?

Маңызды минералдарға қызығушылықтың артуы барлық кен орны қысқа мерзімде игеріледі дегенді білдірмейді. Сарапшы тау-кен металлургия өндірісінің көп қаражат пен ұзақ уақытты қажет ететінін айтады.

Кез келген тау-кен металлургия өндірісі өте қымбат әрі күрделі. Мысалы, бір мыс кен орнын іске қосуға 18 жыл қажет болуы мүмкін. Осындай жағдайда бірден терең өңдеу өндірісін құру инвестиция тартуды қиындатады, -деді ол.

Сондықтан Шуреев инвесторларға қойылатын талапты нақты жобаның экономикалық мүмкіндігіне қарай белгілеу қажет деп есептейді. Өңдеу деңгейін арттыру талабы өндірістің іске қосылуына мүмкіндік беретін шарттармен үйлесуі керек.

Инвестицияға әсер ететін тағы бір мәселе – заңнаманың тұрақтылығы.

Инвесторлар жиі өзгеретін заңнамаға да қарайды. Бұл инвестиция тартуға белгілі бір кедергі келтіреді, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, әр минералға бірдей талап қою қисынсыз. Жобаның табыстылығы, нарықтың жағдайы және өндірістің қалыптасу кезеңі ескерілуге тиіс.

Егер өндірістің табыстылығы жоғары екенін түсінсек, мысалы, уран жағдайында, Қазақстан бірден тереңірек өңдеуді талап етеді. Ал вольфрам сияқты нарық енді қалыптасып жатқан жағдайда, өндірістің орнығуына белгілі бір уақыт беріледі. Басқа минералдар бойынша да осы тәсіл қолданылады, – деді Тельман Шуриев.

Саяси салмақты экономикалық нәтижеге айналдыру

Шуриев халықаралық қаржы ұйымдарының қызығушылығын да Қазақстан үшін қосымша мүмкіндік ретінде бағалайды. Дүниежүзілік банктің бастамасына қатысты ол 20 млрд доллар бөлуге дайындық туралы мәлімдеме болғанын айтты. Алайда сарапшының сөзінше, жобаға әлі толық қол қойылмаған.

Дүниежүзілік банк бұл жобаға бастамашы болды. Әзірге оған толық қол қойылған жоқ, қаржы бөлуге дайын екені айтылды. Қазақстан бұл бағытта үлкен рөл атқарады, – деді ол.

Сарапшы мұндай бастамаларды экономикаға қосымша инвестиция тарту мүмкіндігімен байланыстырады.

Тельман Шуриевтің пікірінше, маңызды минералдар үшін бәсеке Қазақстанға серіктестер аясын кеңейтіп, келіссөздердегі ұстанымын күшейтуге жағдай жасайды. Алайда инвесторға деген қажеттілік сақталады.

Тәуелділік бар және болады. Өйткені тау-кен металлургия өндірісі өте қымбат әрі күрделі, – дейді ол.

Демек, Қазақстан үшін шешуші мәселе – минералдарға қызығушылықты ұзақ мерзімді өндірістік әріптестікке айналдыру. Сарапшы атаған мүмкіндіктердің нәтижесі инвестиция тарту, ел ішіндегі өңдеуді ұлғайту және әр жобаның экономикалық ерекшелігін ескеру арқылы көрінбек.

 

Наверх