Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан, халықаралық қақтығыстарды реттеу мен жаһандық бейбітшілікті нығайтуда маңызды рөл атқара алады. Өйткені өңір елдері түрлі геосаяси мүдделер тоғысқан аймақта орналасқан және мемлекеттер арасындағы байланысты сақтап, ортақ шешім табу тәжірибесіне ие. Бұл туралы Джимми мен Розалинн Картердің бейбітшілік және қақтығыстарды реттеу мектебінің, Джордж Мейсон университетінің деканы Алпаслан Өздемир Нархоз университетінде өткен халықаралық MIND FOR PEACE конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазір әлемде соғыстарды тоқтату бұрынғыдан да қиындап барады. Халықаралық институттардың беделі әлсіреп, мемлекеттер арасындағы, сондай-ақ үкіметтер мен қоғам арасындағы сенім төмендеген. Ал технологиялық өзгерістер бір жағынан ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндік ашса, екінші жағынан қауіпсіздікке қатысты жаңа қатерлер мен қайшылықтар туғызып отыр.
Алпаслан Өздемирді қақтығыстар санының артуынан гөрі, соғыс пен текетіресті халықаралық саясаттың қалыпты әрі болмай қоймайтын құбылысы ретінде қабылдау үрдісі көбірек алаңдатады.
Біз мұндай түсінікке қарсы тұруымыз керек. Бейбітшілік - басқа мәселелерді шешіп алғаннан кейін ғана қолға алатын қосымша мақсат емес. Керісінше, ол - сол мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі шарт, - деді декан.
Ол бейбітшілік пен тұрақты дамудың бір-бірімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Оның сөзінше, бейбітшілік болмаса, даму тұрақсыз болады, ал әділдік орнамаған қоғамда саяси тұрақтылықты сақтау қиын. Сонымен қатар тиімді әрі есеп беретін институттар қалыптаспаса, тіпті ең жақсы бейбіт келісімдердің өзі халықтың сенімінен айырылуы мүмкін.
Осы ретте Өздемир БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 16-бағытына назар аударды. Бұл мақсат бейбітшілікті, әділдікті және тиімді институттарды дамытуға арналған.
Бейбітшілік, әділдік пен мықты институттар - 17 мақсаттың ішіндегі жай ғана бір бағыт емес. Олар тұрақты даму күн тәртібіндегі барлық міндетті орындаудың негізі, - деді ол.
Қазақстанға қандай мүмкіндік бар?
Алпаслан Өздемир жаһандық бейбітшіліктің болашағын қалыптастыру тек әлемдегі ең ықпалды мемлекеттердің міндеті болмауы керегін айтты. Оның пікірінше, орта державалар мен өңірлік ойыншылардың да халықаралық мәселелерді шешуге ықпалы артуы қажет.
Декан Орталық Азияны осындай маңызды өңірлердің бірі ретінде атады. Оның айтуынша, аймақ елдері ірі саяси, экономикалық және мәдени байланыстар тоғысқан жерде орналасқан. Олар түрлі мүдделерді үйлестіру, геосаяси қайшылықтарға қарамастан қарым-қатынасты сақтау және өңірлік ынтымақтастықты дамыту тәжірибесіне ие.
Қазір әлем ірі державалар арасындағы бәсекелестікпен сипатталады. Мұндай жағдайда қайшылықтарды тереңдететін емес, керісінше, мемлекеттер арасында көпір бола алатын елдер қажет, - деді сарапшы.
Ол орта державалардың жеке алғанда әлемдегі ірі мемлекеттермен тең ықпалы болмауы мүмкін екенін, алайда бірлескен бастамалар мен тұрақты дипломатиялық байланыс арқылы халықаралық ережелердің қалыптасуына ықпал ете алатынын жеткізді. Сондай-ақ мұндай ынтымақтастық көпжақты институттарды нығайтып, бейбітшілік орнатудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Орталық Азия дәл осындай көшбасшылықты көрсетуге мүмкіндік алып отыр, - деп атап өтті Алпаслан Өздемир.
Қазақстандық университет БҰҰ бастамасына қатысады
Декан жаһандық басқару жүйесін жетілдіру үшін дипломатиямен қатар, ғылыми білім мен саяси шешімдердің арасындағы байланысты нығайту қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, университеттерде маңызды ғылыми зерттеулер жүргізілгенімен, олардың нәтижелері саяси шешім қабылдайтын тұлғаларға әрдайым жете бермейді. Ал үкіметтер мен халықаралық ұйымдар академиялық мекемелердің тәжірибесі мен білімін толық пайдалана алмай отыр.
Осы бағытта Джордж Мейсон университетіндегі Картер мектебі білім беру, ғылыми зерттеу және қақтығыстарды іс жүзінде реттеу жұмыстарын ұштастырады. Оқу орнында медиация, бейбітшілік орнату және дипломатия бағыттары бойынша мамандар даярланады. Сонымен қатар қақтығыстарды талдау және реттеу саласында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бар.
Алпаслан Өздемир жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың қақтығыстарға ықпалына да тоқталды. Оның айтуынша, мектеп бейбітшілік технологиялары мен кәсіпкерлік бағытындағы жұмыстарын кеңейтіп келеді.
Білім берудің мақсаты тек түлектерді қазіргі мамандықтарға даярлаумен шектелмеуі керек. Біз жаңа буынға әлі толық қалыптаспаған сын-қатерлерге жауап бере алатын білім, тың идеялар мен практикалық дағдылар беруіміз қажет, - деп түйіндеді сарапшы.