Қазақстан 30-орында: Goldman Sachs болашақтың экономикалық картасын жариялады

Нигерия, Пәкістан және Мысыр алға шығады. Ал Қазақстанның мүмкіндігі мен шектеуі неде?

Бүгiн 2026, 17:00
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:00
Бүгiн 2026, 17:00
188
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемдік экономиканың болашағы туралы болжамдар арасында Goldman Sachs ұсынған 2075 жылға арналған рейтинг ерекше назар аудартып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, алдағы онжылдықтарда әлемдік экономикалық күштердің ара салмағы айтарлықтай өзгеріп, бүгінгі жетекші елдердің бірқатары өз позицияларын жоғалтуы мүмкін.

Болжамға сәйкес, әлемдегі ең ірі үш экономика ретінде Қытай, Үндістан және АҚШ сақталады. Үш елдің де жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 50 трлн доллардан асады деп күтілуде. Алайда негізгі өзгерістер рейтингтің келесі сатыларында байқалады.

Сарапшылардың пікірінше, ХХІ ғасырдың екінші жартысында халық санының көп болуы, урбанизация және ішкі тұтыну нарығы бұрынғыдан да маңызды факторға айналады. Соның нәтижесінде Индонезия, Нигерия, Пәкістан және Мысыр сияқты мемлекеттер әлемдік экономиканың жаңа көшбасшылары қатарына қосылмақ, - деп жазды EconomyKz.org Telegram-арнасы.

Фото: EconomyKz.org

Бұл ретте Еуропаның дәстүрлі экономикалық ықпалы әлсіреуі мүмкін. Германия алғашқы ондықтағы орнын сақтап қалғанымен, Ұлыбритания, Франция және Италия рейтингте төменірек орындарға түседі деп болжанып отыр. Сарапшылар мұны экономикалық құлдырау емес, әлемдік экономикалық орталықтардың қайта бөлінуі ретінде бағалайды.

Жаңа экономикалық алпауыттар пайда болады

Goldman Sachs болжамындағы ең маңызды өзгерістердің бірі – дамушы елдердің жаңа буынының қалыптасуы.

2075 жылға қарай Нигерияның экономикасы 13,1 трлн долларға, Пәкістанның экономикасы 12,3 трлн долларға жетуі мүмкін. Ал Мысырдың ЖІӨ көлемі 10,4 трлн доллар, Бангладештікі 6,3 трлн доллар және Эфиопияныкі 6,2 трлн доллар болады деп күтілуде.

Сарапшылардың айтуынша, бұл елдердің басты артықшылығы – халық санының көптігі, еңбек ресурстарының молдығы және экономикалық өсімге арналған кең мүмкіндіктер.

Дегенмен демографиялық әлеуеттің өзі жеткіліксіз. Саяси тұрақтылық, мемлекеттік институттардың сапасы, білім беру жүйесі мен инфрақұрылым деңгейі елдердің нақты экономикалық табысқа жетуінде шешуші рөл атқарады.

Қазақстан үшін қандай сабақ бар?

Goldman Sachs болжамында Қазақстан 2075 жылы әлемдегі ең ірі экономикалар арасында 30-орынға жайғасады. Елдің жалпы ішкі өнімі шамамен 2,1 трлн долларға жетеді деп күтілуде.

Алайда бұл көрсеткіш Қазақстанның алдында тұрған маңызды мәселені де аңғартады. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Үндістан, Пәкістан немесе Нигерия сияқты демографиялық артықшылыққа ие емес. Сондықтан елдің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігі халық санына емес, экономиканың сапасына тәуелді болады.

Бұл үшін еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық секторды дамыту, күрделі экспорт үлесін көбейту, адами капиталды күшейту және табиғи ресурстардан түсетін табысты тиімді институттарға айналдыру маңызды.

Сарапшылардың бағалауынша, болашақта ірі мемлекеттер одан әрі күшейе түскен сайын орта көлемдегі экономикалар өз тиімділігі арқылы ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Әйтпесе рейтингтегі орын сақталғанымен, инвестиция, капитал және технологиялық ықпал басқа елдердің қолына шоғырлануы мүмкін.

Наверх