Қазақстан 23 млн тонна астық жинады: Майлы дақылдардан рекорд күтіледі

Елде экспорт көлемі де өсті.

 pixabay.com 13 Қазан 2026, 16:30
13 Қазан 2026, 16:30
88
Фото: pixabay.com

2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 5,8%-ға өсіп, 7,3 трлн теңгеге жетті. Өсімнің негізгі бөлігі өсімдік шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазан айының ортасына қарай елімізде 23 млн тонна астық бастырылды. Биыл бидай егілетін алқап 1,8 млн гектарға қысқарғанымен, жалпы өнім көлемі көпжылдық орташа деңгейден жоғары болады деп күтіліп отыр.

Дәнді және бұршақ дақылдарын жинау жұмыстары егіс алқаптарының 96%-ында аяқталған. Орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрады. Астық егетін негізгі өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді – гектарына 17 центнер. Қостанай облысында бұл көрсеткіш 14,2 центнер болса, Ақмола облысында 14 центнерге жеткен.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы егіннің сапасы да жақсы. Элеваторларға тапсырылған бидайдың 72%-дан астамы үшінші сыныпқа жатады. Ақмола облысында мұндай бидайдың үлесі 90%-ға жеткен.

Майлы дақылдардан рекордтық өнім күтіледі

Биыл майлы дақылдарды жинау көлемі айтарлықтай өсті. Қазірдің өзінде 3,7 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Егін жинау науқанының қорытындысы бойынша өнім көлемі 5 млн тоннадан асады деп күтілуде. Бұл рекордтық көрсеткіш болуы мүмкін.

Бұдан бөлек, елімізде 3,1 млн тонна көкөніс, 2,9 млн тонна картоп және шамамен 2,4 млн тонна бақша дақылдары жиналған.

Жаңа егін өнімдерінің экспорты да артып келеді. Қыркүйек айында Қазақстан шетелге шамамен 1,1 млн тонна астық жөнелткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп.

Қай өңірлерде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып жатыр?

2026 жылдың тоғыз айында ауыл шаруашылығы өндірісінің ең жоғары өсімі Қостанай облысында тіркелді – 11,4%. Солтүстік Қазақстан облысында көрсеткіш 10,6%-ды, Ақмола облысында 7,3%-ды құрады. Түркістан және Павлодар облыстарында өсім 6,8%-ға жетті.

Жалпы, астық жинау көлемі, майлы дақылдар өндірісі мен экспорт көрсеткіштері Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі оң динамиканы көрсетіп отыр.

Наверх