«Қазақфильмде» жалғыз қазақ мектебі бар – Алматы тұрғыны

7 Наурыз 2024, 12:59
2239
Бөлісу:
«Қазақфильмде» жалғыз қазақ мектебі бар – Алматы тұрғыны
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевтың Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қала тұрғыны «Қазақфильм» ықшамауданында жаңа қазақ мектебін салып беруін өтінді.

Біз таулы аймақта тұрамыз. «Қазақфильмде» жалғыз қазақ мектебі бар. Мен «Ерменсайдағы» мектепті оқып бітірдім. Біздің өтінішіміз, сол мектепті қайта жөндеуден өткізсе. Жалпы, бұл мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұл мектеп бұрын балабақша болғандықтан, оның көлемі кішкентай. Қазір менің бала-шағам сол мектепте оқып жатыр. Бірақ үйірмеге қатысу үшін басқа мектепке баруымызға тура келеді. Тұрғындардың өтініші - сол аймаққа жаңадан қазақ мектебін салып берсеңіздер, – дейді қала тұрғыны. 

Алматы қаласының әкімі жалғыз қазақ мектебіне жер алып, жаңа жоба бойынша салу керектігін атап өтті. 

№88 мектепті не істеуге болады? Қалай кеңейтеміз? Ол мектепті бұзып, жаңа стандарт бойынша басқа мектеп салсақ, ол жердің аумағы жетпей қалады. Өйткені бекітілген норма бар. Залда құрылыс басқармасынан мамандар отыр, Білім басқармасынан бар, солармен ақылдасып, не істеуге болатынын көріп, созбай, шілде айына дейін аудан әкімімен бірге жұмыс істеп, маған ұсыныстарын жеткізеді. Бұл сол аймақтағы жалғыз қазақ мектебі болған соң, қолдаймыз. Керек болса, жер алып, жаңа жоба бойынша салуды қарастырамыз, – дейді Ерболат Досаев.

Өзгелердің жаңалығы