Тамыры тереңде жатқан Қазақстанның аспаптық музыкалық өнер тарихындағы бірегей әрі тұңғыш оркестр, өнердің қара шаңырағы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі 89 концерттік маусымның шымылдығын түрмек, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тыңдарман қауымды халқымыздың бай музыкалық мұраларымен, әлемнің классика жауһарларымен сусындатып келе жатқан оркестрдің маусымашар концерті қазан айының 7 жұлдызында сағат 19.00-де өтеді.
Ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген өнер ұжымы 89-шы концерттік маусымы ауқымды іс-шаралармен ерекшеленбек. Атап айқанда Құрманғазы оркестрін әлемге әйгілі еткен кәсіби дирижер Шамғон Қажығалиевтің 95 жылдық мерейтойы, Республикалық «Шертпе күй» фестивалінің ұйымдастырылуы жаңа маусымның жаңалығы болмақ.
Жаңа концерттік маусымның ашылу салтанатында оркестр ұжымымен бірге жұлдызды жұп Жазира мен Жанболат, «Avanti» тенорлар триосы, Әсел Рақымжан, Аружан Төлепберген, Әзиза Әбдірейм, Мадина Ерланова сынды жеке орындаушылар қатысады.
Оркестрдің бас дирижері – Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген, дирижерлар – Мәдениет қайраткері Жексен Айсын, Республикалық конкурстардың лауреаты Нарын Қажығали.