Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Президент қол қойған мәдениет, білім беруге қатысты заңға өзгерістер не беретінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент қол қойған жаңа заңда қандай өзгерістер бар?
Біздің авторлығымызбен дайындалған заң дарынды жастарды қолдап, мемлекеттік тілді дамытуға мүмкіндік жасап, жасанды интеллектпен үйлестіріп, білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған, - деді депутат.
Аймағамбетов атап өткендей, ең беделді халықаралық ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен университетке түсе алады. Бұл олардың елде білім алып, Қазақстанның дамуына үлес қосуына жол ашады. Бұрын мұндай мүмкіндік тек олимпиада жеңімпаздарына ғана берілетін.
Сонымен бірге "Болашақ" бағдарламасы кеңейтіліп, енді бакалавриат деңгейінде де беріледі. Бұрын "Болашақ" стипендиясы тек магистратура мен докторантураға арналған болса, енді халықаралық олимпиада жеңімпаздары бакалавриат деңгейінде де оқу мүмкіндігіне ие болады.
Қазақ тілі үшін жаңа цифрлық платформа жасалады. Қазақ тілінің цифрлық ұлттық сөздік қоры және ұлттық тіл корпусы заңмен реттелді. Бұл жасанды интеллекттердің (ChatGPT, Алиса және т.б.) қазақ тілінде сапалы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл маңызды мәселені өз бақылауында ұстап отыр, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Оның сөзінше, қазақ тілінің барлық нормасы мен ережесі онлайн ашық жүйеде қолжетімді болады. Бұл бастаманың басты мақсаты – қазақ тілін жасанды интеллектпен үйлестіру және цифрлық әлемде оның сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау.
Цифрлық сөздік қордың маңызы:
Жасанды интеллект үшін база:
Бұл сөздік қор жасанды интеллектке қазақ тілінде дұрыс сөйлеуді, сөздерді контекстке сай қолдануды үйретеді.Күнделікті қолданыс:
Ашық ақпараттық жүйе арқылы кез келген азамат сөздердің дұрыс емлесін, нақты мағынасын оңай таба алады.Білім беру:
Оқушылар, студенттер мен мұғалімдерге сапалы сөздіктер мен анықтамалықтарға қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Бұл оқу мен оқыту үдерісін жеңілдетеді.Цифрлық сөздік қор – бұл жай ғана сөздердің тізімі емес. Бұл – тілді түсінетін, оны дұрыс қолдана алатын интеллектуалды платформа, - дейді мәжілісмен Аймағамбетов.
Еске сал кетейік, 10 ақпан күні Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.