Театр – адамның рухани әлемін байытатын, мәдениетінің тереңдігін көрсететін өнер түрі. Сахнада әр актер өз рөлін сомдай отырып, көрермендерге әртүрлі тағдырларды, оқиғаларды жеткізеді. 1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды "Халықаралық театр күні" (World Theatre Day) деп бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтай отырысында еліміздегі театр мәселесіне ерекше тоқталды.
Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды. Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады, - деді Президент.
Мемлекет басшысы аймақтарда театр салу мен дамытуға баса назар аудару керегін айтты.
Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алайда, оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Театр күні адамзаттың осы өнерге деген құрметін арттыруға, оның маңызды рөлін атап өтуге арналған күн ғана емес, сондай-ақ бұл күн театрды сүйетін әр адамға театр әлеміне енуге, оның көркемдік әлемін түсінуге мүмкіндік береді. Еліміздегі театрлардың көрермені де жыл сайын артып келеді.
Қазіргі таңда театрдың жағдайы жаман емес. Ең бастысы театр көрермен үшін жұмыс істейді. Көрермендердің де саны жылдан-жылға артып жатыр. Қазір мысалы көрермені жарты зал болып отыратын қойылым жоқ. Көрермен лық толы болады. Кей сәттерде билет табылмай қалады. Біраз жыл бұрын сахнада 20-30 актер ойнаса, 12 ғана көрермен келген кездер болды. Қазір мүлдем ондай жоқ. Осы жағы қуантады. Жалпы театрда өсу, даму бар, - дейді "Жастар театрының" актері Әділ Ахметов.

Жастар театры Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы шілде айының 5-і күні құрылған.
Жастар театры сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген, жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі. Қазіргі уақытта жастар театры премьераларға кірісіп жатыр. Биыл театр 13 жас актермен толықты. Алда үлкен фестивальдер мен гастролдік сапарлар бар, - дейді Әділ Ахметов.
Актердың айтуынша, еліміздегі тетарлар халықаралық деңгейде насихатталуы үшін көбірек шетелдерге шығу керек.
Театрлардың насихатталуы үшін Ресей мен Орталық Азиямен шектеліп қалмай, Еуропаға шығу қажет. Қазақ театрында қойылымдар өте мықты. Ұялмай көрсетуге болады. Қатысқан әрбір фестивальден жүлдесіз қайтпайды. Өңірлерде қаншама мықты театр бар. Актерлері қандай жақсы ойнайды. Мүмкіндік болса, көбірек гастрольдік сапарлар ұйымдастырылып, қойылымдар қойып, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Сол кезде насихаты да жақсы болады деп ойлаймын. Жалпы театрға мемлекеттен қолдау болмаса, театрдың өзімен-өзі өмір сүруі қиын. Өз шығынын өзі жаба алмайды. Себебі актерлерден бөлек қаншама қызметкерлер бар. Мемлекеттің қолдауымен театр өмір сүріп келе жатыр. Алайда жалақылары мәз емес. Егер көбейіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді театр актері.
Айта кетейік, елімізде 70 театр жұмыс істейді, олардың 57-сі – мемлекеттік театр. Оның ішінде 11 республикалық, 46 өңірлік театр бар. Кейінгі төрт жылда елімізде 5 жаңа мемлекеттік театр ашылды.
2024 жылы 396 гастрольдік сапар ұйымдастырылса, оның 350-і ел ішінде, 46-сы шетелде өтті. Отандық театрларда 9 мыңға жуық маман жұмыс істейді, оның 4200-і шығармашылық ұжым өкілдері. Бір жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік театрлары 200-ден астам жаңа қойылым қойған.