Қазақ қыздары Анджелина Джоли сияқты болғысы келеді - маман

13 Маусым 2024, 16:35
320
Бөлісу:
Қазақ қыздары Анджелина Джоли сияқты болғысы келеді - маман
Фото: Midjourney

Адамның сырт келбетінің әдемі болуы неге байланысты? Әлемге әйгілі жұлдыздар өзіне қалай қарайды? BAQ.KZ тілшісі мамандардың пікірін сұрады.

Домбырашылар одағының мүшесі, КүйPOP жанрының негізін қалаушы Ақтоты Болшованың сөзінше, әдемі адамдардың ішкі жан дүниесіне байланысты екенін айтады.

Әдемілік дегеніміз - тектілік. Адамның әдемі болуы ішкі жан дүниесіне байланысты, оның сыртқы айнасы десек те болады. Тек әдемі түр емес, көркем мінез, сезім, сенім және шүкіршілікпен адам құлпыра түседі, - дейді Болшова.

Ақтоты Болшова өнердегі әріптестеріне арнап бірнеше кеңес айтты.

Әлемдік жұлдыздардың түрі қоғамда үлкен сынмен қаралады. Әртістер сынды естімеу үшін көптеген денсаулыққа кері әсерін тигізетін оталар жасатады. Себебі, қартайып жатқанын көрсеткісі келмейді. Өзім де сахна адамы болғандықтан, бүкіл өнер адамдары спортпен дос болуы керек деп ойлаймын. Өзіне қайғы әкелетін дүниелерге жоламауға тырысуы керек. Адам өз-өзіне сенімді және депрессияға жол бермей, көңілді жүруі керек. Сонда қазіргі қалыптарын сақтап, ерте қартаюдың алдын алуға болады, -дейді Ақтоты Болшова.

Психолог Ділназ Хайруллинаның айтуынша, әдемі болу - адамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбетінің үйлесімділігі.

Біріншіден, адамның сұлу болуы ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбетінің үйлесімділігі. Ішкі жан дүниесінде реніш, мұң болса, адам тартымды және сұлу болуы екіталай. Әдемілік - бұл адамның өзімен үйлесімділігі. Екіншіден, денсаулығына дұрыс қарау, спортпен шұғылдануға байланысты. Егер адамның денсаулығы нашар болса, түрі бозарып, тозып кетеді. Әр ауру салдарынан бет-бейнеміз зардап шегеді. Сондықтан спортпен шұғылданып, денсаулыққа күтім жасау әдеміліктің кілті десек болады. Үшіншіден, адамның келбетті болуы өзін-өзі бағалауы және өзіне ерекше күтім жасауына байланысты, -деді психолог.

Оның айтуынша, әлемдік жұлдыздардың түрі мен стилі көпке үлгі болып отырады.

Әлемдік жұлдыздардың келбеті қоғамда маңызды рөл атқарады. Себебі, олар көптеген адамдар үшін сұлулық пен стильдің үлгісі. Олардың сыртқы түрі сәнге, сұлулыққа және сыртқы бейне стандарттарына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, олардың бейнесі жанкүйерлер үшін шабыт пен таңданыс көзі. Сырт келбеттері кино, сән және музыка сияқты әртүрлі салаларда танымал болуға әсер етеді, - дейді психолог.

Ділназ Хайруллина қазіргі жастар стандартталған әдемілікке ұмтылатынны атап өтті.

Әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың сыртқы келбеті белгілі бір стандарттарды туғызады. “90-60-90”, үлкен көздер, кішкентай мұрын тәрізді бір өлшемді әдеміліктің стандарттарын қалыптастырады. Мәселен, Анджелина Джоли - сұлулықтың символы ретінде танылды. Қаншама қыздар өзін осы әлемдік жұлдызбен салыстырып, әртүрлі пластикалық ота, еріннің ботоксын салдырып жатады. Тіпті, танымал косметологиялық процедуралардың бірі “Джоли иегі” бар. Әлемдік жұлдыздардың түрлеріне адамдар еліктеп, өздерінің табиғи сұлулықтарынан айырылып, стандартталған әдемілікке қарай бет бұрып жатыр. Бұл - адамдардың өздерін қабылдамауына, өзін-өзі төмен бағалауға, бет әлпетіне әрқашан сын айтуына алып келеді, -деді психолог.

Қымбат Спабек 

Өзгелердің жаңалығы