Бюджеттік кризис алдында тұрған, әр тиынды санап, кәсіпкерлердің басым бөлігін қосымша құн салығын төлеуге міндеттеуге дейін барып отырған елімізді ірі олигархтар қалай алдайды?
Әңгіме ERG туралы. Және оның Telf AG құпия трейдері арқылы халыққа тиесілі ақшаны оңай сыртқа шығарып жатқаны туралы. Бұл пост ұзақ болса да, асықпай оқып шығыңыздар. Маған сізге түсінікті тілмен, ежіктеп, жіктеп жазуға тура келеді. Сол үшін мәтін ұзақтау болуы мүмкін.
ERG деген корпорация бар. Оны олигарх Машкевич, Шодиев, Ибрагимовтар құрып, басқарған болатын. Қазақстандағы металл, көмір өндіретін ірі кәсіпорындарды кезінде өз бақылауына алып, өтеуі ретінде Қазақстан Үкіметін акционер ретінде үлеске кіргізген. Осы ERG-де Қазақстанның үлесі 40 пайызды құрайды.
Біз мемлекет ретінде ERG-дің жақсы жұмыс істеп, пайдадан 20 пайыз салығын төлеп, қалған таза кірістің 40 пайызын дивиденд ретінде алуға мүдделі едік. Бірақ еш қызығын көре алмадық. ERG директорлар кеңесі болмаса, атқару органдарына үкімет өкілдерін кіргізбейді. Ішкі кухнясын жауып қойған олигархтардың Еуразиялық үштігі Қазақстанның бар қазба байлығын сора отырып, отандық кәсіпорындарды әдейі қарызға тығып, «мыңдаған адамға жұмыс беріп отырғаныма риза бол, басқа ештеңе сұрама» деген манипуляциямен үкіметті әбден матап тастаған болатын.
ERG құрамына кіретін қазақстандық кәсіпорындар жағалай қарыз және көбісі Ресейдің ВТБ банкінде кепілдікте тұр. Люксембургта тіркелген ERG өзінің есептілігін ашық жарияламайды. Сол себепті қазақстандықтар мұнда болып жатқан көп былықтардан хабарсыз. Өкініштісі біздің бюджет оңбай ұтылуда.
ЕRG құрамына кіретін қазақстандық кәсіпорындар – «Шұбаркөл көмір» мен «Қазхром» жиі-жиі Қор биржасында өзінің Telf AG трейдерімен ірі мәміле жасасқаны туралы хабарлайды. Қандай мәміле екені ашық көрсетілмейді. Бірақ осы Telf AG деген жасырын құрылым немен айналысады деген сұрақ туындайтыны хақ.
Олигархтар үкіметтің көзін бақырайтып қойып жасаған схемасы: «Шұбаркөл көмір» энергетикалық құнды көмірін экспортқа шығарғанда әлемдік нарыққа өзі шығып сатпайды, «Telf AG» деген трейдер делдалға өткізеді. Ол трейдер Швейцарияда тіркелген. Оны кезінде Машкевичтер түрлі жолдармен өздері құрып алған.
Біздің кәсіпорындар осы фирмаға өнімдерін әдейі арзан бағамен өткізеді. Сонда өздеріне күнін көруге жететіндей ғана ақша қалады. Сәйкесінше пайдасы аз болғандықтан, Қазақстан бюджетіне ұсақ тиын ғана төлейді. Ал таза табысы мүлде күлкілі – одан Қазақстанға 40 пайыз дивиденд те жарытып келмейді. Демек, өзіміздің орасан зор запастарымызды экспортқа шығарып сатып жатқан кәсіпорыннан бізге ешқандай пайда жоқ.
Көмірді арзан бағамен алған Telf AG оны халықаралық биржада қымбат бағаға өткізеді де, орасан зор табыс алады. Бірақ ол Қазақстанға ештеңе төлемейді, себебі бізге қатысы жоқ швейцариялық компания. Telf AG ауадан жасап берген кірісті Қазақстанды әдемі лақтырып отырған олигархтар өзара санап алады.
Сонда біз жыл сайын қанша ақша жоғалтып жатырмыз? Есептеп көрейік.
«Шұбаркөл Көмір» АҚ 2024 жылдың есебін жариялаған жоқ. Бірақ қолда 2023 жылғы аудиттелген есебі бар. Компания 2023 жылы 12 578 000 тонна көмір сатқан. Оның 32,4 пайызын ішкі тұтынушыларға, яғни халыққа сатқан. 19,8 пайызын Қазақстандағы өндіріс ошақтарына өткізген. Ал 47,8 пайызын экспортқа шығарған.
Өз есебінде «Шұбаркөл көмір» 2023 жылы 109,6 миллиард теңге жалпы түсім алдық деп жазады. Содан ол бюджетке 7,3 миллиард теңге салық төлеген. Бізде витаминдер сататын шетелдік iHerb деген компания бар. Сол Айхерб бізге 9 миллиард салық төледі. Сонда бүкіл Қазақстанның көмір флагманы витаминдердің онлайн дүкенінен де аз салық төлеп отыр.
2023 жылы Шұбаркөлдің таза табысы 26,4 миллиард теңге ғана. Оның өзі Қазақстанға дивиденд ретінде тиген де жоқ.
Неге бұлай болды?
Индустрия министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылы Шұбаркөл разрездерінде көмірді халыққа сату бағасы 7 570 теңге болды. Жалпы сатылған 12 578 000 тоннаның 32,4 пайызы халыққа сатылғанын айттық. Бұл - 4 075 272 тонна. Демек оны сатудан 30,8 миллиард теңге түсім келді.
Зауыттарға көмір сату. Сатуға шығарылған көмірдің 19,8 пайызы Қазақстандағы өндіріс ошақтарына жіберілген. Премиалды көмір үшін тоннасына 9 мың теңге алды деп есептесек, бұл бағыттан 22,4 миллиард теңге түсуі тиіс.
Енді жалпы түсім 109,6 миллиард теңгеден біз ішкі нарықтың табысы - 30,8 миллиард пен 22,4 миллиард теңгені алып тастаймыз. Сонда көмір экспорты Шұбаркөл көмірге 56,4 миллиард теңге алып келген. Бір қызығы, экспортқа 6 миллион тонна көмір шығарылған. Әкелген табысына шақсақ, бір тоннасы 9 380 теңгеге шығады. Бұл ішкі нарықтағы бағамен бірдей. Мұндай бағамен экспортқа тыраштанбай ішкі нарықта оңай сата беруге болады.
2023 жылы көмірдің халықаралық нарықтағы орташа бағасы 1 тоннасына 71 мың теңге болды. Онда Telf AG делдалының біздің көмірді шынайы бағасынан жеті есе арзанға сатып алғанын есептеп шығаруға болады. Демек біз экспорттан небары 56,4 миллиард теңге, ал делдал біздің көмірден кемінде 390 миллиард теңге кіріс алғаны ма?
Әлемдік нарыққа адал бағамен сатқанда, оны Қазақстан қадағалағанда «Шұбаркөл көмір» табысы 482 миллиард теңге болар еді. Бюджетке кемінде 30-40 миллиард салық келер еді. Және Қазақстан өз дивидендін алар еді. Бірақ, өкінішке орай.
Өзім көптен бері бақылап жүрген бір компанияны ғана көрсеттім. Бізде осындай схемамен елімізді тентіретіп отырған кемінде 10 ірі кәсіпорын бар деп сеніммен айта аламын.
Қазақстан бюджеттік реформа жасап, салық арқылы бюджет кірісін арттыруды қолға алды. Сол кездегі ең бірінші реформа – осындай схемаларды түбірімен жоюдан басталуы тиіс. Оған көмек ретінде Парламент депутаттары ERG национализациясы туралы мәлімдеме жасай бастаса, тым еркінсіген олигархтар жерге түсер еді. Мұны тез арада қолға алмасақ, 7 миллиард доллар қарыз мойнымызға артылады немесе қазба байлықтарымыз ВТБ банктегі кепіл ретінде шет мемлекеттің қолына өтеді.