1913 жылдың 2 ақпанынан бастап халыққа жол тартқан «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін 266 саны шығып үлгеріпті. Халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған «Қазақ» газетіне биыл 110 жыл толды, деп жазады BAQ.KZ.
«Қазақ» газеті - 1913 жылғы 2-ші ақпаннан бастап Орынбор қаласында аптасына бір рет, 1915 жылдан аптасына екі рет шығып тұрды.
Таралымы 3000, кейін 8000-ға жеткен. Газет бастырушы Хұсайын Кәрімовтың баспаханасында басылып шыққан. Бірінші редакторы ғалым, ұстаз, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы болған, екінші редакторы жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов.
Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков.
Газеттің №1 санында оқырмандарға арналған мынадай ғибратты үндеу жазылған:
Жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газеттің керегі қандай екенін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас.
Басылымның таралымы қазақ мекендеген барлық аймаққа жетіп жатты. Тіпті Ресей, Қытай қазақтары да тапсырыс беріп, алдыртып оқыған. Бұған төмендегі мәлімет айқын дәлел болады.
«Қазақ» газетасын 10 облысқа қараған киіз туырлықты қазақ байдың баласынан 1913 жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі мынау: 1) Торғай облысы – 694, 2) Семей – 612, 3) Ақмола – 584, 4) Сырдария – 327, 5) Орал – 301, 6) Жетісу – 157, 7) Ішкі оралдық – 136, 8) Ферғана – 30, 9) Самарқан – 8, 10) Закасапий – 5.
Өзге жерлерден:
Оренбург шаһары – 37, 2) Уфа – 14, 3) Қазан – 13, 4) Қытай қазағы – 10, 5) Петербург, 6) Түркия – 5, 7) Мәскеу – 3, 8) Томск – 3, 9) һәм басқа шаһарлар –57. Бәрі – 3007 .