Қазақ батырларының құрметіне арналған челлендж Таразда жалғасын тапты

11 Қаңтар 2024, 09:31
448
Бөлісу:
Қазақ батырларының құрметіне арналған челлендж Таразда жалғасын тапты
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қарулы күштердің әскери қызметшілері қазақ батырларының құрметіне арналған челленджді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының Тараз қаласындағы механикаландырылған құрамасының мотоатқыштары "Батыс" өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері бастап, астаналық құрама әскери қызметшілері қостаған челленджді жалғастырды.

Бауыржан Момышұлы атындағы механикаландырылған құраманың әскери қызметшілері 24 шақырымдық марш жасады. Жүгірушілер легін құраманың штаб бастығы подполковник Арман Сабыров, сондай-ақ бөлім командирінің орынбасарлары мен құрама сержанты басқарды.

Жарыс Кеңес Одағының Батыры, № 1 Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдық мерейтойларына орайластырылып отыр. Челленджге қатысушылар бұл тізімді ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімімен толықтырды.

24 желтоқсанда біздің бөлім аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 113 жыл толуын атап өткен болатын. Біз оның есімін әрқашан жүрегімізде сақтаймыз, – деді подполковник Арман Сабыров.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы құрамында Бауыржан Момышұлы атындағы механикаландырылған құраманың мотоатқыштары алғашқы болып 24 шақырым қашықтықты еңсеруге ерікті болды. Эстафета өңірлік қолбасшылыққа қарасты Гвардейск гарнизонындағы танк құрамасының әскери қызметшілеріне берілді.

Құрлық әскерлері ауқымында біз спорттық челленджді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдеріне береміз, – дейді.

Б. Момышұлы атындағы механикаландырылған құрама сержанты 1-сыныпты сержант Бақытжан Айтбаев челлендждің әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.

Олар да біз сияқты әскери сауыт киіп, қару асынып, толық жауынгерлік жабдықта даңқты әскери қолбасшылардың құрметіне 24 шақырымға марш жасайтынына сенімдіміз, - деді ол.

Спорттық челленджге офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден бөлек мерзімді қызметтің сарбаздары да қатысқанын айта кету керек.

Өзгелердің жаңалығы