Қазан айында 3 100-ден астам алтын құйма сатылды

26 Қараша 2022, 14:43
799
Бөлісу:
Қазан айында 3 100-ден астам алтын құйма сатылды

2022 жылдың қазан айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 125,66 келі 3 130 алтын құйма сатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азаматтарға тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,67 тоннаға жуық 108 075 алтын құйма сатылды.

Құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 25% – 27 596 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 23 362 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 22 555 дана (21%), 100 грамдық құйма – 22 075 дана (20%), ал 50 грамдық құймадан – 12 487 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана, Атырау және Қарағанды қалаларында көп сатылады.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құйманы кері сатып ала алады.

Бағдарлама  басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 437 келі 17 434 алтын құйманы кері сатып алды, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 16,1%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінен сатып алып, кері сатуға болады.

Өзгелердің жаңалығы