Қазалы ауданы – Қызылорда облысының экономикалық қуатты аудандарының бірі. Мұнда өндіріспен айналысушылар көп болмаса да, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейген. Түрлі балық өнімдері, шикізат, ет, сүт өнімдері Қазақстаннан бөлек, алыс-жақын шетелдерге экспортталады. «Қазалы» атты мұз конфетімен танымал мекеннің тыныс-тіршілігі, даму динамикасы жайында жақында Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевпен сұқбаттасудың сәті түсті, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
– Мұхтар Әуесұлы, сіздің қазыналы Қазалыға әкім болып келгеніңізге 2 жылға жуық уақыт өтіпті. Жұрт «екінші Түркістан» атап кеткен ауданның даму қарқыны жайында не айтасыз?
– Қайырлы күн! Бұған дейін Аралдың ауданын басқарғанымды білесіздер. Мұндағы халық екі ауданның атын қатар айтады. Себебі адамы аралас, малы қоралас. Соған сай мал шаруашылығының аяқалысы көрші аймақтарға қарағанда көші ілгері. Десек те, Қазалы ауданының қазаны толып, өзіңіз айтқандай, «екінші Түркістан» атануына кәсіпкер азаматтардың артықтығы жәрдем болып отыр. Мәселен, 2022 жылдың басында аудан бюджеті – 21,2 миллиард теңге болып бекітілсе, жыл соңында – 22,6 млрд. теңгеге жетті.
Расын айту керек, бұған дейін Қазалы ауданы өндіріс жағынан кешеуіл келе жатқандай көрінетін. Бірнеше жылдан бері жергілікті тұрғындардың осы салаға қызығушылғы артып, талаптылар қатары көбейді. Бұның бір себебі ретінде мемлекеттің қамқорлығы жүйелі насихатталып жүргенін айтсақ қателеспейміз. Қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие, бизнес жүргізуде сүйемелдеу аталған істі ілгерілетіп, жергілікті өнеркәсіп өндірісінің көлемін 20,2 миллиард теңгеге жеткізді. Ал өндіріс көлемінің басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібі өткен жылға қарағанда 25,9 пайызға артты. Бұл нақты іс-шара жоспарының жүйелі жұмыс істеп тұрғанын аңғартады.
– Ауданның жетекші күші кәсіпкерлер екенін айттыңыз. 80 мыңға жуық халықтың қаншасында кәсіп бар?
– Жеке ісі бар азаматтар аудан қазынасына қомақты пайда түсіріп отыр. Мәселен, күнделікті сауда-саттықтың нәтижесінде бөлшек сауда айналымының өзі 10 миллиард теңгеден асады.
Басқа кәсіпкерлер жыл көлемінде 7,5 миллард теңгенің өнімін өндірген. Салық басқармасына тіркелген 6121 кәсіпкердің 96,7 пайызы белсенді, ісін дамытуға шындап кіріскен. Қазалылық 10 мыңға жуық адам осы азаматтардың арқасында, тұрақты жұмыспен қамтылып, нәпақасын тауып отыр. Айтуды ұмытып барамыз, мұндағы нәзікжанды әйелдер қауымы да кәсіпке бейім. Бүгінгі күні жалпы кәсіпкерлердің жартысын әйелдер құрап отыр.
Жергілікті атқарушы орган оларға жәрдем беруден тартынбайды. Өткен жыл ішінде 742 кәсіпкерге гранттық қаржы мен несие беріліп, оның көлемі 5 миллиард теңгеге жақындады. Сәйкесінше, былтыр жаңадан 25 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді де, тағы 47 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
– Елдің бірнеше өңірінде өткен жылдары су тапшылығы сезілді. Қуаңшылықтың зардабын жеңілдету үшін диқандар егіс көлемін қысқартуға мәжбүр болғаны бар. Қазір бұл сала қиындықты қаншалықты еңсерді?
– Жасыратыны жоқ, қуаңшылық Қазалы ауданының, әсіресе, ауыл шаруашылығының даму қарқынын бәсеңдетті. Бірақ, ауызбіршілігі келіскен ел жем-шөптен қиналған жерлестеріне, тіпті көрші аудандарға даладан мал азығын жинап, жәрдем берді. Сол қиын сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қазалылықтардың ұйымшылдықтарына кезекті мәрте тәнті болдым. Өткен күннен сабақ алдық. Cу тапшылығының алдын алу үшін 6 ауылға көтерме насос орнатып, су жолдарын жөндеуден өткіздік. Қазіргі күні жағдай реттелді, Сыр ана кемеліне жақындады. Соған сай қамба толып, жер емген диқандар бейнеттің зейнетін көріп жүр. Нақтырақ айтсақ, былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 21,2 миллиард теңгені құрап, өсім байқалды.
Дала еңбеккерлері өткен жылы егілген 6361 гектар күріштің әр гектарынан 33 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 21 мың тоннадан астам астық құйды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бейнеті елеусіз қалған жоқ. Қазалы ауданы облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша «Үздік аудан» атанды.
Қазалы ауданынан Ресей, Беларусия, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Нидерланд елдеріне тұрақты түрде тауар экпортталады. Мәселен былтыр 5 мың тонна өнім жөнелтілді.
Осы тұста саладағы жетістіктер үшін «Үздік аудан» есімін Қазалыға берген өңір басшысына алғысымда айта кеткім келеді.
Ауылдағы тіршілік жайын айтқаннан кейін, мал санына да тоқтала кеткен жөн. Төрт түліктің қой малынан басқа барлық түрінде өсім бар. Қазір аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 65,2 пайызы тұрғындардың еншісінде.
– Бірер жыл бұрын ауданда ипотекалық үйлердің құрылысы қызу жүріп, баспана кезегіндегі тұрғындарға үлестіру қарқын алғанын білеміз. Басқа азаматтардың жер алу туралы өтініштерін орындау үшін әкімдік инфрақұрылым жұмыстарын да жүйелі жүргізіп жатқан болар. Оның ішінде Қазалыдағы ауылдарға дейін көгілдір отын барып жатыр. Осы мәселелердің қазіргі аяқалысы қалай?
– Осыдан он жылдан аса уақыт бұрын кенттен қалаға шығатын аумақта ипотекалық үйлер пайдалануға берілгені есте. Бұдан кейін аталған іс кенжелеп қалғаны жасырын емес. Бертін келе «5-квартал», «Аймақаш», қала мен кент аралығында үйлер соғылып, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға үлестірілді. Баспанасыз жүрген қазалылықтардың жағдайын жеңілдету мақсатында №204 мектептің көне ғимараты мен аудандық емхананың көне нысаны жатақханаға бейімделіп, орналастырылды. Бұл тұрғыда әлі де болса мәселе бар.
Одан бөлек биыл аудан орталығындағы 4 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Бюджеттен 31,3 миллион теңге бөлініп қойды. Сондай-ақ бұған дейін пайдалануға берілген жалдамалы пәтерлердің ауласы көңіл жүдететін. Мұны да ақырындап еңсеріп келеміз. Өткен жылы басталған 18 пәтерлі 6 жалдамалы үйдің аумағын абаттандыру жұмыстары да биыл толық аяқталатын болады.
Жалпы құрылыс саласына келер болсақ, өткен жылы оның көлемі 7,8 миллиард теңгеге жетті. Сонда 5,8 пайызға артық орындалғаны байқалды. Жеке сектор есебінен тұрғын үй құрылысына 4,4 млрд. теңге инвестиция тартылып, 54022 шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынды. Нәтижесінде тұрғын үй қоры 1,8 пайызға көбейді.
Өзіңіз айтқан, инженерлік-инфрақұрылымды дамыту мәселесі қашанда өзектілігін жоғалтпайды. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрғындар саны жыл өткен сайын артып келеді.
Тұрғын үй кезектілігін азайту мақсатында биыл Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған аймақта салынатын тұрғын үйлерді ауыз сумен, газбен және электрмен жабдықтау үшін 250 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар, жақында Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісінің құрылысы басталады. Мұның да қаржысы шешіліп қойған.
Бұдан бөлек, аудан орталығынан көлемі 600 гектар жер учаскесінен салынатын тұрғын үйлерді инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен 32,1 миллион теңге бөлініп, тиісті құжаттары дайындалды.
Инфрақұрылым жұмыстарына газ жеткізу ісі де кіреді. 2022 жылы ауданның газбен жабықтау деңгейі 7,1 пайыздан 14,3 пайызға жетті. «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдары мен Қазалы қаласы көгілдір отынға қосылды. Енді аудан орталығына жақын елді мекендерді де газдандыруды жалғастырамыз. Абай ауылына газ құбырын апару үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті құжаттары әзірленді.
Сонымен қатар, тағы Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдарына магистральдық газ құбырын жеткізу үшін жеке кәсіпкердің демеушілігімен жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілді.
– Елімізде жол мәселесінде қиындықтар аз емес. Бұған байланысты Мемлекет басшысы да нақты тапсырма берді. Қазалыда жолдардың жайы қалай? Ауылдағы ағайын орталыққа қалай қатынап жүр?
– Жол азабын жүрген біледі. Тоқсан сайын елді мекендерге барып, халық алдында есеп беремін. Бұдан бөлек, жұмыс жоспарыма сәйкес, аудан орталығына қатынайтын жолдардың жайы үнемі бақылауымда. Бұл бағытта толымды тірлік бар, сондықтан ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы едәуір дұрысталып келеді.
Өткен жылы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге бағытталған 7 жоба қолға алынып, қазынадан 1,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы қайда жұмсалды десеңіз, «Қазалы-Қожабахы-Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолы күрделі, «Әйтеке би-Басықара», «Қожабақы-Бекарыстан би», «Басықара-Абай-Өркендеу», «Бекарыстан би-Майдакөл», «Қожабақы-Бекарыстан би-Майдакөл», «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтті. Ал биыл 1,2 миллиард теңгеге кентке жақын Мұратбаев ауылының кіреберісі, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей», «Қожабақы-Бекарыстан би» жолдары және «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» аралығындағы жолдар күрделі жөндеуден өтеді.
Қазалы ауданында көпір мәселесі көп дау тудыратын еді. Білікті мамандарымның еңбегін айта кетейін, жыл сайын жөндеу сұрап тұрған өткелдер жаңарып келеді. Мысалы, Әйтеке би кенті мен Басықара ауылы арасындағы көпір құрылысы пайдалануға берілді. Абыржы уақытында дарияның арғы бетіндегі мыңдаған тұрғынды мұңға батыратын күндер де көп ұзамай ұмыт болады. Құрылыс басталып кеткен «Қарлаң» көпірін жалғастыру үшін бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінді. Бәрін айт та, бірін айт қала мен кент тұрғындарын әбігерге салған ірі жобалардың бірі – төрт жолақты автомобиль жолына 800 миллион теңгеден артық қаржы берілді.
Аудан меншігіндегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының көрсеткішін 85 пайызға жеткіздік. Биылдың еншісінде «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде Әйтеке би кенті мен Түктібаев, Мұратбаев ауылдарының елдімекенішілік жолдарын қалыпқа келтіру ісі тұр.
Бұдан бөлек, аудан орталығынан салынып жатқан автоматтандырылған электрондық емтихан алаңы биыл пайдалануға берілетінін де айта кетсек.
– 2000-жылдары сәл жел көтерілсе, тұтас аудан жарықсыз қалатын. Бүгінде жарық бағаналары, электр желілерінің біразы жаңарды десек қателеспейтін шығармыз. Дегенмен мұндай келеңсіздік ауылдарда орын алып тұратын шығар?
– Халықты сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету техникалық мүмкіндік жоқ кезде де, қазір де кезек күттірмейді. Бұл бағытта қолға алуымыз тиіс қыруар шаруа бар. Өйткені ауданда электр желілерінің тозу деңгейі 73 процентті құрап отыр. Әрекетімізге сай берекетін де көріп отырмыз.
Өткен жылы шағын қалаларды дамыту жобасы аясында Қазалы қаласының электр желілерін қайта жаңғырту мен көшелерін жарықтандыруға 245,5 миллион теңге қаржы бөлініп, ондаған шақырым электр желісі мен жаңадан 4 трансформатор орнатылды. Бүгінде бағдарлама негізінде Қазалы қаласының көшелерін қайта жаңғырту, электр желілерін жаңартуға қомақты қаржы қаралды. Ендігі мәселе Әйтеке би кентіндегі қосалқы станция құрылысы мен Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр, Бозкөл, Қожабақы, Жанкент, Бірлік, Абай, Ақтан батыр, Жанқожа батыр ауылдарындағы жеке тұрғын үй секторды электрмен қамту ісі болып отыр. Ең бастысы бұл жобалардың құжаттарын дайындау үшін қаржы көздерін тауып отырмыз.
Сонымен қатар, осы жылы Ү.Түктібаев ауылының жаңадан ашылған тұрғын аймақтарына ток жүргізуді қолға аламыз.
– Білім мен спорт, мәдениет пен денсаулық сақтау саласында қандай жаңалықтар бар? Апатты жағдайдағы нысандарды жаңарту ісіне қаншалықты мән беріледі?
– Балалардың қауіпсіздігі, жайлы ортада тәрбие-білім алуы ең маңызды мәселе екені даусыз. Өткен жылы Қазалы қаласындағы «Өрімтал» балабақшасы тозығы жеткен нысаннан 140 орындық жаңа балабақшаға көшірілді. Сонымен бірге, Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп құрылысы да қарқынды жүруде. Бәрі ойдағыдай болса, биыл пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, ауданда 1 мектеп апатты жағдайда деп танылды. Көп ұзамай мектеп оқушылары жаңа мектепте білім ала бастайды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында кент пен қала ортасынан 600 орындық және Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп салуды жоспарға енгізіп қойдық. Сондай-ақ, «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектепті күрделі жөндеу үшін керек қаржының қиындығы шешілді.
Денсаулық сақтау саласында да ауыз толтырып айтатын жайт көп. Ауқымдыларына тоқталар болсақ, өткен жылы аудан орталығынан 250 орындық емхана мен Жұбан, Жалпақ елді мекендерінен медициналық пункт ашылды. Алдағы уақытта Бозкөл, Абай, Кәукей ауылдарынан дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. Сонымен қатар, аудан орталығынан 25 төсектік инфекциялық корпус құрылысының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
Спорт жайында да бірер ауыз сөз айтайық. Ауданда бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысатындар саны 40 пайызға жуықтап қалды. Спорт түрлері бойынша жерлестеріміз Әлем чемпионаттарында 2 күміс, Азия чемпионатында 3 қола медаль жеңіп алса, Қазақстан Республикасының чемпионаттарына, халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарға қатысып, 36 алтын, 63 күміс, 70 қола медальға қол жеткізді. Бұл аз десеңіз, өткен жылы ауыл спортшыларының «Алтын күз-2022» облыстық спартакиадасында қазалылық спортшылар көш бастап, командалық есеп бойынша бірінші орынды иеленіп, алтын медальді қанжығаға басты. Бұл қазалылықтардың спортқа деген ынтасының, атқа мінген ағалардың қолдау-қошеметінің жемісі десек жарасады.
Өткен жылы «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде Қ.Пірімов ауылынан спорт кешені ашылды. Ү.Түктібаев ауылындағы спорт кешені биыл пайдалануға берілетіні белгілі. Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Жалаңтөс батыр, Бекарыстан би және Ғ.Мұратбаев ауылдарынан да спорт кешендерінің құрылысын бастау көп ұзамай шешілуі тиіс. Былтырдың өзінде 6 спорт алаңы ашылды. Ал Жанқожа батыр, Майдакөл, Бекарыстан би, Қ.Пірімов, Басықара, Ақсуат, Жанкент ауылдарындағы шағын спорт алаңдары биыл жөндеуден өтеді.
Мәдениет жайын сұрасаңыз, өткен жылы Қазақстанның және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, жерлесіміз Роза Бағланованың 100 жылдығы және Шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаевтың 120 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтті. Бұдан бөлек, ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған 1400-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.
Айтуды ұмытып барамыз, осы жылы Кәукей ауылы тұрғындарының ұзақ жылғы өтініш-талабы, 100 орындық клуб пайдалануға беріледі. Мұндай бұйымтайды Бірлік, Майдакөл, Шәкен ауылдарындағы ағайындар да айтып отыр. Биыл осы ауылдарға 100 орындық клуб құрылысын салу үшін тиісті құжаттарды дайындап қоямыз.
– Мұхтар Әуесұлы, уақыт бөліп, елдегі тыныс-тіршіліктен хабар бергеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз!