Қазалы ауданында жаңа орталқ құрылады

8 Мамыр 2019, 20:06
4229
Бөлісу:
Қазалы ауданында жаңа орталқ құрылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысында Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын бір елдімекенге шоғырландыру жоспарлануда. Осыған байланысты аталмыш елдімекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 

Әйтеке би кентінде екі қабатты 12 тұрғын үй құрылысы, 250 орындық аудандық аурухана, 600 орындық мәдениет үйі мен басқа да әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, бұл аумақта алдағы уақытта 24 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, автомобиль жолы қайта жаңартылады. Қазірдің өзінде көпқабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қазір Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде жалпы құны 889,7 млн. тг. болатын Мекемелер үйінің құрылысы жүргізілуде. Аталмыш жобаны іске асыру бір ғимаратта әкімдік пен аудандық бөлімдерді шоғырландыруға мүмкіндік береді. Олар қазіргі уақытта елдімекеннің әр аумағында (мекемелердің бір бөлігі - кент әкімдігінде, бір бөлігі – ескі аурухана ғимаратында) орналасқан.
«Қазір аудандық әкімдік пен бөлімдер бөлек ғимараттарда орналасқан, бұл әсіресе тұрғындар үшін өте қолайсыз. Оның үстіне, қазіргі аудан әкімдігі ғимаратының іргетасы 1963 жылы қаланған. Елу жылдан астам уақыт болған нысан бүгінде ескірген. Жаңа аудан орталығының жоспарына сәйкес, облыстық мекемелер үйінің, халыққа қызмет көрсету орталығының, мектептер мен ауруханалардың, сондай-ақ, сот пен мәдениет үйлерінің ғимараттары халыққа ыңғайлы болу үшін бір-біріне жақын орналастырылады. Ауданда соңғы 2 жылда инфрақұрылымдық және басқа да нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Себебі Қазалы ауданы инфрақұрылыммен аз қамтылған аудандардың бірі болып табылады", - деді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.
Сондай-ақ, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін екі елдімекенді бір орталыққа шоғырландырып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аудан орталығына орналастыру қажеттігін атап өтті.
«Осыған байланысты заманауи талаптарға сай келетін "Open Space" форматындағы заманауи ғимарат құрылысы жоспарлануда», - деді М.Әлсеріков.
Ауданда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына басымдық берілген. Себебі бұл - Қазалы ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады.
«Мәселен, Қазалы ауданындағы жолдардың техникалық жағдайы нашар. Аудандағы жолдардың 31% қанағаттанарлықсыз жағдайда. Шиелі ауданында бұл көрсеткіш 15,8%, ал облыс орталығында 22,1% тең», - деп атап өтті облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов.
Осыған байланысты 2019 жылға Қазалы ауданында жол салу және жөндеу жұмыстары бойынша 16 жоба жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы