Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қаза тапқандар бар: Австрияда жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырады

6 Шілде 2025, 08:50
603
Бөлісу:
 BH Zell am See/Gratz
Фото: BH Zell am See/Gratz

Австрияның Зальцбург федералдық жеріне қарасты Вальд-Кинигслейтен аймағында жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырады. Апат салдарынан төрт адам – үш ер адам мен бір әйел қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ Kronen Zeitung басылымына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға орманда орын алған. Ұшақ апаттан кейін өртеніп кеткен. Өрт сөндіру бригадасының жетекшісі Клаус Портенкирхнердің айтуынша, ұшақ ең көбі төрт адамға арналған және апат болғаннан кейін дереу өрт тұтанып, кең аумаққа таралған.

Моторлы жеңіл ұшақ орманды аймаққа құлап, бірден өрт шықты. Оқиға орнында өрт сөндірушілер мен тергеу тобы жұмыс істеуде, – деді Портенкирхнер.

Апаттың себебі әзірге белгісіз. Тергеу амалдары басталды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұшақ Германияның Мюнхен қаласы маңындағы Обершлайсхайм қалашығынан ұшып шыққан. Ұшудың мақсаты – серуендік рейс болған.

Еске салайық, бұдан бірнеше күн бұрын, 3 шілдеде, АҚШ-тың Нью-Джерси штатында Cessna 208B бір моторлы ұшағы апатқа ұшырап, 15 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылған болатын.

Өзгелердің жаңалығы