«Қайырымдылық керуені» байқауына өтініштер қабылдана бастады

12 Қазан 2022, 13:00
2338
Бөлісу:
«Қайырымдылық керуені» байқауына өтініштер қабылдана бастады

Ертіс өңірінде «Қайырымдылық керуені» байқауына өтініштер қабылдана бастады, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

«Қайырымдылық керуені» осымен бесінші рет ұйымдастырылмақ. Мақсат – мейірімді істерімен көзге түскен азаматтарды анықтау, халықтың азаматтық бастамаларын қолдау.

Қазақстанның Іскер әйелдер Ассоциациясының Павлодар облысы бойынша төрайымы Аурика Дяктың айтуынша, республикалық байқау жыл сайын көмекке зәру адамдарға қолдау білдірген қарапайым азаматтарды, демеушілерді анықтайды. Бір сөзбен айтқанда, өз елінің патриоттарын елге таныстырады.

Байқау арқылы елімізде қайырымдылық істерді жүзеге асыратын азаматтарды ынталандыру, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, өзара көмек көрсету дәстүрін дамытуды көздейміз. Конкурсқа әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысып жүрген заңды және жеке тұлғалар қатыса алады. Оларды іріктеу жыл соңына дейін жалғасады. Жеңімпаздарды республикалық комиссия анықтайды, - дейді Аурика Дяк.

«Қайырымдылық керуені» байқауы шеңберінде үздік қатысушылар жеті аталым бойынша анықталады. Нақтырақ айтқанда, «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», «Бала жүрегі» және «Жануарға мейірім» номинациялары. Айта кетейік, бес жыл бұрын республикалық байқауға 11 павлодарлық, екінші жылы өңіріміздің атынан 15 қайырымды жан қатысты. Ал үшінші жылы үміткерлер саны 54-ке жетті. 

Кей номинанттарымыз жүлдеге ие болып, Павлодар облысының мақтанышына айналды. Мәселен, Екібастұз қаласының тұрғыны «Қайырымдылық тарихы» аталымы бойынша екінші орынға ие болды. Ал Павлодар ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Қайрат Тұрлыбаев «Туған жер» номинациясы бойынша үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар Павлодар қаласындағы жедел-жәрдем станциясының фельдшері Сая Акбарова «Батыл жүрек» аталымы бойынша үшінші орын тұғырынан көрінді, - дейді Аурика Дяк. 

Айта кетейік, өткен жылы республикалық байқауға 1033 азамат қатысты. Железин ауданы Башмачное ауылының кішкентай тұрғыны, 11 жасар Саян Рахмағұлов «Бала жүрегі» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ол суға батып кете жаздаған төрт жасар қызды құтқарып қалды. 

Өзгелердің жаңалығы