Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) «Рамазан бағдарламалары Қазақстан-2022» жобасы аясында қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды.
Қайырымдылық жобасы аясында TIKA елордадағы әлеуметтік осал топтан шыққан отбасыларға бір айлық азық-түлік қорабын табыстады.
Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Қазақстандағы өкілі Хикмет Өзденоглу іс-шараның мақсатына тоқталып өтті.
Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің әлемнің түкпір-түкпірінде өкілдіктері бар. Осы ретте Қазақстанда болсын, басқа мемлекеттерде болсын Қасиетті Рамазан айында көмекке мұқтаж отбасыларға көмек көрсетеміз. Ол көмектер ауызашар, осындай азық-түлік тарату түрінде өткізіліп жатыр, - деді ол.
Сөзінше, мұндай акция елордадан басқа, Шымкент, Қостанай, Алматы және Түркістан қалаларында да өткізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл азық-түлік қораптары түрік бауырларының қазақстандық бауырларға тартқан сыйы.
Қораптардың ішінде бір отбасының бір айлық қажеттілігін өтейтін азық-түлік жиынтығы бар. Бұл іс-шара тек ТІКА-ның ғана емес, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе, ынтымақтаса отырып, ұйымдастырылып отыр. Дәлірек айтқанда, әкімдік, ҚМДБ-ның да тікелей қатысы бар. Қораптың ішінде тұз, ұн, күріш, май, шай және басқа да азық-түліктер бар, - деді Хикмет Өзденоглу.
TIKA-ның Қазақстандағы өкілі қайырымдылыққа таратылған азық-түліктер Қазақстаннан сатып алынғанын жеткізді.
Азық-түліктер Қазақстаннан сатып алынды. Қайырымдылыққа жұмсалған бағаны Түркияда есептемейді. Сол себепті қайырымды іс-шараның сомасы болмайды. Жалпы 1 250-ден аса отбасыға осындай қораптар таратылды. Сондай-ақ кішкентай балаларға 300 қорап тәттілер сыйға берілді, - деп түсіндіріп өтті Хикмет Өзденоглу.
Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Қазақстандағы өкілі Хикмет Өзденоглуның Қазақстанға келгеніне 2 аптадай уақыт болған.
Оның айтуынша, TIKA Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ашылып, 1995 жылдан бастап қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ агенттік жобаларды қазақстандық әріптестерімен бірлесіп, жүзеге асырады. Агенттік білім, денсаулық, медиа және басқа да салаларда жобаларды жүзеге асыруды мақсат етеді.
Сонымен қатар қайырымдылық акциясына қатысқан көпбалалы ана бауырлас түрік халқына алғысын жеткізді.
Көпбалалы анамын. ТІКА осындай шараны жиі ұйымдастырады. Мысалы, Рамазан айында, Құрбан айтта осындай азық-түлік қорабын таратады. Жалпы көпбалалы отбасы ретінде әкімдіктің тізіміне енген екенбіз. Әкімдіктегілер біздің байланыс нөмірлерімізді акцияны ұйымдастырушыларға берген . Сөйтіп міне, бүгін біз де акцияға қатысып отырмыз, - дейді 4 баланың анасы Әйгерім Жарытбаева.
Еске сала кетейік, былтыр да дәл осы уақытта ТІКА «Ұлылар дастарханы» жобасы аясында осындай қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Агенттік акция аясында 1000-нан астам отбасыға азық-түлік қорабын таратқан болатын.
Сонымен қатар 2021 жылғы 10 маусымда Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі «Жетім күлсе – әлем күледі» жобасы аясында қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды.