Қайымның қара шаңырағы

7 Мамыр 2022, 15:03
6362
Бөлісу:
Қайымның қара шаңырағы
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше астанадағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда ерекше іс-шара өтті.

Әуелі «Қайым және ұлттық болмыс» атты сынып сағатымен басталған «Рухы мықты ер қазақ» атты іс-шара республиканың барлық өңірінен келген қонақтардың қатысуымен өтті.

Әрине, мектепте ұйымдастырылған іс-шараға мектепке қатысы бар жандардың жиналатыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен, Аятжан Ахметжанұлы бастаған іске қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері мен өзге де сала мамандары келді. Сынып сағатына қатысқан қонақтар бір сәт өздерін баяғы балалық шақтағы мектеп партасында отырғандай сезінгендерін айтысып жатты.

Қайымның қара шаңырағы

Ұлттық мектеп қалыптастыруға, әр оқушы әуелі ұлттық дүниетанымнан сусындауы керектігін үнемі айтатын Аятжан Ахметжанұлы өзі басқарып отырған мектепті де ұлттық болмысқа шомылдырып қойған екен. Нағыз «жая кісі жатып, атты кісі түсіп қарайтын», «мектебің қайсы десе, мынау дейтін» деңгейге жеткізген екен.

Қайымның қара шаңырағы

Сынып сағатынан шыққан қонақтар мұнан соң мектептердегі білім үдерісі және ұлттық мектеп моделін қалыптастыру мәселелеріне арналған «Ұлттық мектеп – ұлт болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік семинарға қатысты. Семинар барысында қазақ мектептерінің қазіргі жай-күйінен бастап, кешегі Алаш арыстары армандаған, солар көксеп, солар жетсек деп талпынған ұлттық мектеп модельдері талқыға салынды. Жас ғалым Ұшқын Сейдірахмет, мектеп директоры Аятжан Ахметжан және басқа да ғылымға, тарихқа, білімге тер төгіп жүрген мамандар өз ойларын ортаға салды. 

Қайымның қара шаңырағы

Бүгінгі білім беру жүйесі, ұлттық мектеп қалыптастыру идеологиясы, мектептегі оқумен қатар тәрбие мәселесі сөз болды.

Қайымның қара шаңырағы

Бұдан соң қонақтар 90 мектепке есімі берілген ғалым, абайтану, шәкерімтану, әуезовтану ғылымдарының негізін қалаған, еліміздің тұңғыш әнұранының авторларының бірі, ұстаз Қайым Мұхамедханұлының құрметіне арналған қазақ күресінен оқушылар арасындағы «Алтын белбеу» республикалық турнирінің ашылу салтанатына қатысты. 

Нұр-Сұлтан қаласындағы және өзге де өңірлерден келген жас палуандар өзара мықтыны анықтады. Боз кілемнің шаңын қағып, болашақтан үміткер жастарды анықтаған турнирге 160 оқушы қатысты. «Жүлде берем жығылған палуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса» дегендей, болашақ Қажымұхандар мен Балуан Шолақтар «Алтын белбеу» иегері атанды.

Қайымның қара шаңырағы

Мектеп ауласындағы спорт алаңында қос ақбоз үй тігіп, палуандарға жағдай жасалып жатқан сәтте қонақтар «Қайым және ұрпақтар сабақтастығы» мектеп ішіне экскурсия жасады.

Қайымның қара шаңырағы

Бұл жерде де ыждаһатты жүйелілікті байқауға болады. Қайым Мұхамедхановтың абайтанудың, шәкерімтанудың, мұхтартанудың негізін қалаған ғалым екенін айттық қой. «Қайым және ұрпақтар сабақтастығы» да осыны негізге алған екен. Бұл сабақтастық осы мектептің алғашқы директоры, мектепке Қайым Мұхамедхановтың есімін беруде табанды еңбек сіңірген білікті азамат, марқұм Ербол Іргебай атындағы Қазақ тілі кабинетінде аяқталады.

Қайымның қара шаңырағы

Мектептің бірінші қабатында, анығы – мектепке кірген бетте бірден Қазақстанның шағын көшірмесіне тап болғандай боласыз. Бәлкім бәріміз айта беретін ұлттық мектептің шынайы көрінісі осындай болатын шығар деген ой бірден көкейіңізге орралады. «Ұлы даланың Ұлы есімдерін» де, «Ұлы даланың жеті қырын» да, «Қасиетті Қазақстанды» да осы жерден көресіз.

Қайымның қара шаңырағы

Мектептегі қосымша үйірмелер үшін ашылған «Шұғыла» орталығы да өнер қуған жастың талабын қанағаттандырар шұғылалы орта екенін танытады.

Екінші қабатқа көтерілгенде бұл жердегі басшының тегін адам еместігін тани түсесіз. 

Қайымның қара шаңырағы

«Абай кітапханасы» - ерекше талғаммен, оқулықтың емес, оқушының жағдайы көбірек ойластырылған орта. Оқимын деген жас үшін барлық жағдай жасалған. 2500-ден астам кітап қоры бар шағын «қазына аралы» мектептегі 1000-нан астам оқушыға молынан жетеді.

Қайымның қара шаңырағы

Баяғы біздің кезімізде мектеп коридорының қабырғалары – төменгі жағы көк сырмен, жоғарғы жағы ақпен әктелген, екі-ақ түрлі болушы еді. Қазір қабырғаны қалай безендіремін десеңіз де еркіңізде. Аятжан Ахметжанұлы Алаш қайраткерлері мен қазақтан шыққан тұңғыштарды қазіргі заман үлгісінде «киіндіріп», заманауи келбетпен түрлендіріп қойыпты.

Қайымның қара шаңырағы

Мен үшін арыстарымыздың бұл бейнесі Тұрсын Жұртбайға ұнауы маңызды емес, Тұрсын Жұртбайдың немересі бұл ұлы тұлғаларымызды жанына жақын қабылдап, солар тани түскені маңызды болды – дейді жас директор.

Қайымның қара шаңырағы

Тағы бір сүйсіндіргені – қабырғадағы суреттердің барлығын мектепте білім алатын жас шәкірттердің таныстыруы. Тақылдап тұр. Ұлыларымыздың еңбектерін, қызметін, өмірбаянын бес саусағындай білетіні байқалады.

Қайымның қара шаңырағы

«Абай кітапханасынан» соң дәліздегі ұлылармен таныса отырып, Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт залға келдік. Мұнда да сол үрдіс жалғасқан. Шоқырдың барлық жетістіктері залдың өз қабырғасынан орын алса, дәлізде қазақтың тұңғыш спортшылары орын алыпты.

Қайымның қара шаңырағы

Мұнан соң үшінші қабаттағы «Мұхтар» мәжіліс залымен таныстық. Ұядай конференц залда керегіңіздің бәрі бар. Мектеп – өмірге жолдама беретін алғашқы бекет болса, болашақ ұрпақтың өзі қаламайтын сапарына жолдама жазылмау – басты назарда. Сондықтан да, әр бала жеке тұлға. 90-мектептен осы өмірге берілер жолдаманың өте ыжаһаттылықпен дайындалатынын көзбен көрдік.

Қайымның қара шаңырағы

Мектептің үшінші қабатында бүгінгі күннің ең басты оқиғасы «Қайым мұражайының» ашылуы өтіп, лентасы қиылды. 

Қайымның қара шаңырағы

Әке аманатына, әке абыройына дақ түсірмеген бір ұрпақ көрсем – ол осы Қайым Мұхамедхановтың ұрпағы. Мені де оныншы балам деуші еді, жарықтық, не үшін соңынан ергенімді енді түсіндім. Әке мұрасын сақтауды, оны насихаттай білуді, тірнектеп жинауды мына Динадан, мына Қарлығаштан, ана Жәнібек пен Қанағаттан үйрену керек – дейді мұражайдың ашылу салатанатында сөз алған белгілі ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбай.

Қайымның қара шаңырағы

Мұражайдың ашылу салтанатына Қайымның ұрпақтары, алаштанушылар, жас ғалымдар мен БАҚ өкілдері және білім саласының қызметкерлері қатысты.

Қайымның қара шаңырағы

Шағын ғана мұражайға Қайым Мұхамедхановтың өмір-хронологиясы, атқарған қызметтері туралы мәліметтер, тұтынған бұйымдар, Қайым жайлы қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің, қоғам қайраткерлерінің пікірлері қойылған.

Қайымның қара шаңырағы

Бұл мұражайды жасақтауда Қайым атамыздың қызы Дина Мұхамедханованың еңбегі көп. Ол кісінің тұтынған бұйымдарын, архивін, ол кісі туралы деректерді жинап берген сол дина әпкеміз. Бұл елімізде ашылған Қайым Мұхамедханов атындағы мектеп болса, бүгін сол мектепте елімізде тұңғыш рет Қайым мұражайы ашылып отыр – дейді 90-гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы.

Қайымның қара шаңырағы

Салтанатты шараның соңы «Мұхтар» залындағы Қайым Мұхамедханұлын еске алу концертімен жалғасты. Концерттен соң жиналған қауым «Ұлылар есімі ұрпақ жадында» атты Алаш арыстарының атындағы аллеяның ашылуына қатысып, аллеяға тал екті.

Қайымның қара шаңырағы

Іс-шараның соңында жиналған қауым Қайымның қара шаңырағын көзінің қарашығындай сақтап, кетігін бүтіндеп, кемтігін толтырып отырған жас директор Аятжан Ахметжанұлына алғыс білдірді.

Қайымның қара шаңырағы
Өзгелердің жаңалығы