Қайтарымсыз гранттар қай өңірлерде көп берілді?

26 Сәуір 2023, 12:45
1243
Бөлісу:
Қайтарымсыз гранттар қай өңірлерде көп берілді?
Фото: gov.kz

2022 жылы 21,4 мыңнан астам грант алған азаматтар өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алған 21,4 мыңнан астам қазақстандық өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асыруда. Оның ішінде 21,2 мыңы жеке кәсіпкер ретінде тіркелді, 32 грант алушы ЖШС ашты, 173 адам жеке кәсіпкер ретінде БЖТ төлейді.

2022 жылы қайтарымсыз гранттар: мал өсіруге – 8,2 мың, технологиялық жабдық сатып алуға – 8 мың, құрал-жабдық сатып алуға – 3,5 мың, құрал – саймандарға – 1,3 мың, өсімдік шаруашылығына – 0,2 мың, сондай-ақ басқа да мақсаттарға берілді.

Алушылар санаты бойынша 11,1 мың грант жастарға, 6,1 мыңы көпбалалы отбасы мүшелеріне, 1,9 мыңы мүгедектігі бар адамдарға, 1,3 мыңы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, 796 – атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, 290-ы қоныс аударушылар мен қандастарға, 238-і асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға берілді.

2022 жылы грант мөлшері 400 АЕК немесе 1,3 млн теңгеге дейін құрады.

Гранттардың ең көп саны Қызылорда (3,4 мың), Түркістан (2,9 мың) және Жамбыл (2,6 мың) облыстарында берілді. Барлығы 21,7 мыңнан астам грант берілді.

Өткен жылы Риддер қаласынан Екатерина Худякова грант алды. Ол Ат спорты клубын дамыту үшін құрал-жабдықтар сатып алуға 1,2 млн теңге көлемінде мемлекеттік көмек алды.

Мен жұмыспен қамту басқармасынан грант туралы білдім, олар маған барлық кезеңдерде бағыт беріп отырды. Алдымен тиісті курстардан өттім, содан кейін жобамды қорғадым. Берілген ақшаға қажетті жабдықты, қоймаға арналған контейнерді сатып алып, сол жерде киім ауыстыратын бөлме жабдықтадым. Біздің ат спорты пони клубы өз жұмысын 2021 жылдың қазан айында бастады және біздің қаладағы жалғыз клуб. Біз ат спорты туризмі, мүгедектігі бар азаматтарға арналған иппотерапия, ат спорты бойынша оқыту қызметтерін ұсынамыз. Біз секцияларды демалыс күндері ауа-райына байланысты өткіземіз, – деді Екатерина Худякова.

Жақын арада іскер Екатерина штатты кеңейтіп, жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Мемлекеттік гранттың көмегімен бизнес-идеяны іске асырудың тағы бір сәтті мысалы – өз ісін дамытуға 1,2 млн теңге алған Қарағанды облысынан Светлана Құдайчуктың оқиғасы.

Мен 2022 жылы Осакаров ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып, мемлекетті қолдау шаралары туралы білдім, бизнес-бастамаларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру конкурсына қатыстым. Алынған ақшаға мен кофехана аштым. Осы мүмкіндіктің арқасында қазір менің шағын бизнесім табысты іске асырылуда, – деп бөлісті кәсіпкер.

Светлана Кудлайчук болашақта өз бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін хабарланғандай, 2023 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 9 мың грант беру көзделген. Гранттар беру 4 ағымда жүзеге асырылады. Бірінші ағын аясында 2 434 грант берілді.

Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.

Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.

Комиссияның шешімі үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

Өзгелердің жаңалығы