Жұмыс сапары барысында өңір басшысы теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту, мектептер мен мәдениет үйлерінің құрылысы, автомобиль жолдарын жөндеу, сондай-ақ спорт және су шаруашылығы салаларындағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жұмыс сапары аудандағы Жамансор және Мұқыр ауылдарындағы екі теміржол вокзалын аралаудан басталды. Екі вокзал да 1976 жылы салынған. Қазір олар «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп қайта жаңғыртылып жатыр.
Жамансордағы вокзалдың дайындығы 50%-ды құрайды. Станция арқылы төрт бағыт бойынша пойыздар қатынайды, ай сайынғы жолаушылар ағыны шамамен 100 адам. Мұқырдағы вокзалдың дайындығы 35%. Ол күн сайын 45-ке жуық жолаушыға қызмет көрсетеді, пойыздар алты бағыт бойынша қатынайды.
Болат Ақшолақов мердігер ұйымдарға жұмысшылар мен техника санын көбейтуді, жұмысты екі ауысымда ұйымдастырып, қайта жаңғыртуды 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановқа жұмыстарды жеке бақылауына алып, әр үш күн сайын олардың орындалу барысы туралы есеп беріп отыру міндеттелді.
Жамансорда өңір басшысы қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан 80 орындық және 30 орындық интернаты бар жаңа мектепті аралады. Құрылыс жұмыстары аяқталған, қазіргі уақытта қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр. Мектеп жаңа оқу жылының басында алғашқы оқушыларын қабылдауы тиіс.
Облыс әкімі лицензия алу үдерісін жеделдетіп, оқу жылы басталғанға дейін барлық ұйымдастыру мәселесін шешуді тапсырды.
Мұқырда Болат Ақшолақов 400 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Нысанның дайындығы 80%-ды құрайды. Жаңа ғимаратта көрермендер залы, үйірмелерге арналған бөлмелер мен кітапхана орналасады.
Өңір басшысы жұмыс қарқынын арттырып, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Одан кейін облыс әкімі Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз автомобиль жолындағы орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Ұзындығы 115 шақырым болатын Миялы – Сағыз учаскесінің 40 шақырымы жөнделген.
Миялы ауылында Болат Ақшолақов Ы. Шөреков атындағы мектеп-гимназияны аралады. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Нысанда сегіз бригада еңбек етуде. Барлық жұмысты жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау қажет.
Сондай-ақ Миялыда өңір басшысы 500 орындық мәдениет үйінің құрылысын тексерді. Нысанның дайындығы 30%-ды құрайды.
Қыс түскенге дейін бетон жұмыстарын аяқтап, шатырын жабу қажет. Суық түскенше үлгермесек, бұл қосымша қиындықтар туғызады, – деді Болат Ақшолақов.
Ойыл өзенінің арнасын тазарту, тереңдету және кеңейту жұмыстарына да ерекше назар аударылды. Жоба жалпы ұзындығы 69 шақырым болатын 12 учаскені қамтиды және елді мекендерді су басу қаупін азайтуға бағытталған.
Жангелдин ауылында Болат Ақшолақов салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 300 орындық мәдениет үйін аралады. Екі нысан да жаңадан салынып жатыр. Оларды аяқтау үшін қаржыландыру мәселесін шешу қажет.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Болат Ақшолақов барлық нысанды тұрақты бақылауда ұстап, белгіленген мерзімдерді сақтауды және құрылыс пен жөндеу жұмыстарының тиісті сапасын қамтамасыз етуді тапсырды.
Өңір басшысы ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етуі керектігін атап өтті. Ол білім алуға, спортпен айналысуға, мәдени демалысқа және жайлы өмір сүруге заманауи жағдай жасауға тиіс.