Қайрат Жолдыбайұлы: Өзгермейтін заң қабылдау – демократиялық бағытқа жақындау

17 Қыркүйек 2022, 07:35
2106
Бөлісу:
Қайрат Жолдыбайұлы: Өзгермейтін заң қабылдау – демократиялық бағытқа жақындау

Дінтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлы мәжіліс пен сенат депутатары қолдаған президенттің “бір мерзімдік жеті жыл” ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Демократиялық елдердің ең үлкен жетістігі, тіпті барша дамуларының кілті билікке отыратын адамға ары кетсе екі сайлауға түсуге, яғни, сегіз жыл ғана ел басқаруға мұрсат беруі. Кім болса да сегіз жылдан бір жыл да артық отыра алмайды. Осы қағида ата заңға қазықтай қағылған. Ал демократиядан жұрдай елдерде биліктегі адам көп отырған сайын заңсыздықтарға белшеден батып, әбден былғанады. Айналасы іріп-шіриді. Көзін шел басады. Ақыр соңында бәрі құрдымға кетеді, - дейді ғалым.

Сондай-ақ ол мәжіліс пен сенат депутатары қолдаған президенттің «бір мерзімдік жеті жыл» ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді. 

Әрине, осылай болары күтілген жағдай. Бұл ешкімге жаңалық емес. Бірақ мен күтпеген мәселе «президент өкілеттігінің бір реттік жеті жыл мерзімі” бұдан кейін түрлі желеумен ұзартыла алмайтындығы ата заңдағы өзгермейтін 91 бабтың арасына кіргізілетіндігі. Өзгермейтін бұл баб қандай баб дейсіздер ғой. Конституцияның 91 бабында «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тəуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейді» делінген. Енді бұл баб «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тəуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері, Республика Президенті жеті жыл мерзімге сайланады және бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды деген ережелер өзгермейді» деп толықтырылады, - дейді Қайрат Жолдыбай. 

Айтуынша, бұл түсінген адамға мемлекетіміздің демократиялық бағытта бір қадам болса да алға жылжуы болмақ. Дәл осылай деп енгізілсе, көп адамның конституция тағы да еріккеннің ермегіне айналатын болды, Тоқаев та ескі сүрлеумен кетті деген күдік сейілмек.

Бүгінгі күннің тағы бір жақсы жаңалығы “Конституциялық сот мүшелері мерзімінің 6 жылдан 8 жылға ұзарту” нормасының қабылғандығы. Яғни, Конституциялық сот мүшелерінің өкілеттілігі Президент мерзімнен ұзағырақ болады. Демек, аталған сот  мүшелерінің тәуелсіз әрі объективті қызмет етуіне мүмкіншілік көбейе түседі деген сөз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы