Қайрат Мәми Азия конституциялық соттары қауымдастығының төрағасы атанды

4 Қараша 2019, 22:45
1706
Бөлісу:
Қайрат Мәми Азия конституциялық соттары қауымдастығының төрағасы атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми "Конституциялық сот және әлеуметтік-экономикалық құқықтарды қорғау" атты тақырыптағы Индонезия Конституциялық Сотының 3-ші Халықаралық симпозиумына қатысты.

Бірінші күні Қ. Мәми Индонезия Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Анвар Усман мырзамен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар конституциялық әділет органдарының функцияларын іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Конституциялық Кеңесі мен Индонезия Конституциялық Соты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ол Конституция үстемдігін қамтамасыз ету саласындағы екі органның өзара іс-қимылын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

3 қарашада Азия конституциялық соттары және балама институттар қауымдастығының (ААСС) Мүшелері комитетінің отырысы өтті. Ұйымның құрамына жаңа мүшелер – Үндістанның және Мальдив Республикасының Жоғарғы Соттары қабылданды.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі алдағы екі жылға Азия конституциялық соттары мен балама институттар қауымдастығының төрағасы болып бірауыздан сайланды. Отырыста келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында Қауымдастықтың 4-ші Конгресін өткізу мәселелері де талқыланды.

4 қарашада Қазақстан делегациясының басшысы Индонезия Конституциялық Сотының "Конституциялық Сот және әлеуметтік-экономикалық құқықтарды қорғау" тақырыбындағы 3-ші халықаралық симпозиумының ашылу рәсіміне қатысты. Форум қатысушыларына Индонезияның Вице-Президенті Мааруф Амин мырза құттықтау сөз сөйледі. Панельдік сессияларда Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Төрағасы баяндама жасап, халықаралық заң жұртшылығын Кеңестің азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты шешімдерімен таныстырды.

Қ. Мәми өз сөзінде атап өткендей, Конституцияның бірінші бабына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Бұл норма Қазақстан өз азаматтарының лайықты өмір сүруі және жеке тұлғаның еркін дамуы үшін мемлекеттің мүмкіндіктеріне барабар жағдай жасау міндетін өзіне алатын мемлекет ретінде дамуға ниетті екенін білдіреді. Әлеуметтік және экономикалық құқықтарды қамтамасыз ету мемлекеттің тұрақты дамуы және қоғамдық сенім үшін үлкен маңызға ие.

Коституциялық кеңестің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Қазақстан Конституциялық Кеңесінің төрағасы бірінші сессияның модераторы болып сөз сөйлеген. Онда Малайзиядан келген спикер – Дато Сери Итама Тенгку Маймун ханымның, Камбоджадан келген спикер - Чхун Лим Им мырзаның, Бангладештен келген спикер - Махмуд Хоссэин мырзаның, Ауғаныстаннан келген спикер –  Мухаммад Хашим Хашимзаю мырзаның, Мальдивадан келген спикер –  Азмирлда Захир мырзаның және Индонезиялық спикер – Салди Исра мырзаның баяндамалары тыңдалды.

Екінші сессияда Кеңес Төрағасы "Қазақстан Конституциялық Кеңесінің тәжірибесінде азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау" тақырыбында баяндама жасады.

Өз сөзінде Қ. Мәми симпозиумға қатысушыларды осы тақырып аясындағы кеңестің шешімдерімен таныстырды. Сондай-ақ, әлеуметтік және экономикалық құқықтарды мойындау мен қамтамасыз етудің мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамдық сенім үшін принципті маңызы бар екенін атап өтті. Сондықтан елдің экономикалық мүмкіндіктерінің өсуіне қарай халықты, әсіресе оның әлеуметтік осал топтарын мемлекеттік қолдау көлемі де артуы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы