Қазақстанның бірқатар өңірлерінде бүгін, 11 маусымда дауылды ескерту жарияланды. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, ел аумағында ауа райы тұрақсыз болып, жаңбыр, найзағай, бұршақ, шаңды дауыл және қатты жел күтіледі, ал кей аймақтарда ауа температурасы +35°C дейін көтеріледі.
Ұлытау облысында күндіз оңтүстікте шаңды дауыл соғып, өзге аумақтарда қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болады. Желдің екпіні 18 м/с дейін жетуі мүмкін. Жезқазған қаласында да жаңбыр мен найзағай болжанған. Қарағанды облысында түнде кей жерлерде жаңбыр жауып, күндіз қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі, жел екпіні 15–20 м/с дейін күшейеді.
Алматы және Жетісу облыстарында ауа райы тұрақсыз болады: жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел болжанып отыр. Таулы аймақтарда нөсер жауын болуы ықтимал. Алматы мен Қонаев қалаларында да жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында найзағай, бұршақ және желдің күшеюі күтіледі, кей жерлерде тұман түседі. Павлодар мен Орал қалаларында да қолайсыз ауа райы сақталады. Солтүстік Қазақстан облысында желдің екпіні 25 м/с дейін жетуі мүмкін.
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында кей өңірлерде ауа температурасы +35°C дейін көтеріліп, сонымен қатар қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Семей мен Өскемен қалаларында да жауын-шашын болуы ықтимал.
Ақмола, Қостанай, Түркістан, Жамбыл және Атырау облыстарында жаңбыр, найзағай және желдің күшеюі болжанған. Кей жерлерде бұршақ пен тұман түсуі мүмкін. Астана қаласында да күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыз кезеңінде сақ болуға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға және қатты жел, найзағай мен нөсер кезінде ашық жерлерден аулақ болуға шақырады.