Маусым айының басына жоспарланған Қашағандағы теңіз және құрлық нысандарындағы жөндеу жұмыстары кейінге шегерілуі мүмкін.
Бұған Теңіз кен орнындағы ақау мен өндіріс көлемінің қысқаруы себеп болуы ықтимал. Бұл туралы PetroCouncil.kz қауымдастығы Upstream басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Upstream мұнай-газ басылымының дереккөздері Қазақстандағы көлемі жағынан екінші ірі Қашаған кен орнында мұнай өндіретін NCOC консорциумының акционерлері жоспарланған 35 күндік жөндеу жұмыстарын кейінге қалдыруы мүмкін екенін айтқан. Жөндеу 1 маусымда басталуы тиіс болған.
Егер бұл шешім қабылданса, кен орны маусым және шілде айларында тәулігіне 400 мың баррель көлеміндегі өндіріс қарқынын сақтап қалады. Мұндай қадамға әлемдік мұнай нарығындағы тұрақсыздық пен Ормуз бұғазындағы жағдайға байланысты бағаның құбылуы әсер еткен. Қазақстан мұнайы Еуропа елдері импортының 13%-ын құрайтындықтан, бұл маңызды фактор саналады.
Сонымен қатар жоспарлы жөндеуді шегеру туралы шешім Теңіздегі оқиғамен тұспа-тұс келді. Соның салдарынан тәуліктік өндіріс көлемі бұрынғы 125 мың тоннадан 5–10 мың тоннаға дейін төмендеген. Дереккөздердің мәліметінше, қазір өндіріс көлемі біртіндеп қалпына келіп жатыр.