Қазақ қоғамында кіріс пен шығысын есептеп, «көрпеге қарай көсіліп» өмір сүруді көпшілік құнттай қоймайтыны рас. Ал мамандар табыс пен шығынды есептеуді қаржылық сауаттылықтың негізі деп жатады. Сондықтан бұл әдетті қалыптастыруға қарсылықтың себебі неде және кіріс пен шығысты есептеу не үшін керек екенін мамандардан сұрап көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржылық сауаттылық мәні
Қаржылық кеңесші Фариза Байшина да қаржылық сауатты болам деген адам ең алдымен өзінің кірісі мен шығындарын есептеуі керегін айтады.
Кез келген адамның ай сайын қанша ақша тауып, қанша жұмсайтынын білуі не үшін қажет? Өйткені ай сайын жұмсайтын ақша адамның күнкөріс деңгейін анықтауға көмектеседі. Күнкөріс деңгейі – әркімде әртүрлі сома, шектеуі жоқ. Біреуде 300 мың теңге, біреуде 3 миллион. Яғни бұл сомаға әр адам өзі үшін ыңғайлы жағдайда бір ай өмір сүре алады, - дейді маман.
Фариза Байшинаның айтуынша, күнкөріс деңгейін білу үшін әр адам кем дегенде 3 ай кіріс-шығыс есебін жүргізуі керек.
Күнкөріс деңгейін білу қаржыны жоспарлау үшін қажет. Жалпы қаржылық сауатты болудың мәні – қаржыны жоспарлауда. Мысалы айына 150 мың теңге шықса, оны ай сайын жоспарлап, қандай шығын барын және қанша табыс керегін біле аламыз. Табыс пен шығыстың көлемін білгеннен кейін жетіспеушілік болса немесе екеуі тең болса, онда адам келесі деңгейге өтіп, өзіне мақсаттар қояды, - дейді ол.
Қаржылық кеңесші күнкөріс деңгейін білген соң адамда «жұмыс ауыстырамын» немесе «кірістің бірнеше көзі болу керек, оның санын көбейтемін» деген мақсаттар пайда болуы мүмкін екенін алға тартады. Оның ойынша, аталған әрекеттерді орындамай адамның ақша жинай бастауы екіталай.
Осы кезеңдерден өткен адам ғана ақшаны жинай бастайды. Өйткені көп адамдар ақшаны жинауым керек деп ойлайды, бірақ өздері минусқа өмір сүруі мүмкін, - деді ол.
Қарсылық себептері
Дегенмен көпшілікте кіріс пен шығысын есептеп, күнкөріс деңгейін білуге деген ішкі қарсылық болады. Сондықтан қаржылық сауатты болуды да шегере береді. Оның себептерін психолог Серікгүл Сәлиден сұрап көрдік.
Кіріс пен шығысты есептеу арқылы адам өзінің ақшалай құнын, қоғамда қанша тұратынын білетін болады. Оны білуге көбі дайын емес. Ол іштегі иллюзияларды жаратын ақпарат болуы мүмкін. Сондай-ақ есеп жүргізгенде айлығының қаншасын өзіне жаратып, қаншасы басқа адамдарға кететінін немесе табатын ақшасынан үнемі артық жарататынын нақты көреді, - дейді маман.
Серікгүл Сәли өміріндегі шынайы қаржылық жағдайды көруден қорқу туралы да айтты.
Адам кіріс-шығысына анализ жасағанда табысының көп бөлігін керек емес нәрсеге құртатынын көруі мүмкін. Яғни оған белгілі бір сезім жетіспейді және соны алу үшін ақшаны беталды жарата береді. Сол сезімнің орнын ақшамен жабуға тырысады. Есеп пен анализ жасайтын болса, толық картина көрінеді. Оны мойындаудан, қабылдаудан қорқады, - деді ол.
Психологтың айтуынша, қаржыны басқаруға әртүрлі нанымдар (установка) да кедергі келтіруі мүмкін.
Тапқан қаржыға есеп жүргізбеудің тағы бір себебі – есеп жүргізсе, табыстың тоқтап қалатындай көрінуі. Ақша деген – энергия. Яғни келіп жатқан энергия ағыны тоқтап қала ма деген қорқыныш болады. Жарата берсем, ақша келе береді деген наным болуы мүмкін, - деді маман.