Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қаржылық сауаттылық бүгінгі күні өзекті тақырып. Көкшетауда балаларды кәсіпкерлік ойлау негіздеріне үйрететін жаңа оқу орталығы ашылды.
Орталық директоры Динара Ілиясова ақшаға құрметпен қарауды және оны ақылмен жұмсай білуді бала кезден үйрету керек деп санайды. Білікті маман өскелең ұрпақтың бойында қажетті дағдыларды қалыптастыру принциптері туралы айтып берді.
–Орталық ашу туралы идея қайдан пайда болды?
– Біздің оқу орталығымыз – бизнес-мектеп. Білім беру жүйесінде 30 жылдан астам уақыт еңбек еттім. Балалармен, студенттермен жұмыс істедім. Соңғы 12 жыл бойы мұғалімдердің біліктілігін арттырумен айналыстым. Көптеген білім беру бағдарламаларын құрастырып, түрлі халықаралық жобаларға қатыстым. Білім беру жүйесіндегі заманауи әлемдік үрдістерді зерттеуде тәжірибе жинақтадым.
Қаржылық сауаттылық мәселесі бүгінгі күні тек балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де өзекті тақырып. Бизнес-мектеп ашу туралы идея бастауыш сынып мұғалімі болып жүрген кезімде пайда болды. 2001 жылы Қарағандыда балаларға арналған экономика негіздеріне байланысты қызықты курстардан өттім. Кейін Сингапурдағы семинарда мол тәжірибе жинақтадым. Сондай-ақ басқа елдердің тәжірибесін зерттедім. Мәскеу әйелдер бизнесі мектебінде оқыдым.
Мектепте қаржылық сауаттылық бойынша факультатив ашылғанда балалар бұл тақырыпқа қызығушылық танытты, ата-аналар да қолдау білдірді. Бірде ата-аналардың бірі баласының отбасы бюджетін сұрғанына наразылық білдіргені бар. Бала әке-шешесінің қанша табыс табатынын және қанша ақша жұмсайтынын, үйге қандай заттар сатып алынатынын сұраған. Мен бұл кірістер мен шығыстарды салыстыру үшін үй тапсырмасы екенін, бала отбасылық бюджеттің қаншалықты тиімді жүргізілетініне қызығушылық танытқанын айтып түсіндірдім. Бала анасына тапқан табысынан көп жұмсайтынын айтқан. Біз оқу процесіне ата-аналарды да тартып, жұмыс жүргізу керек екенін түсіндік. Курстың соңында ересектер балалардың үнемді бола бастағанын, дүкендегі бағаларға қызығушылық танытатынын байқаған. Балалар электр энергиясын алдыңғы айға қарағанда не үшін көбірек төлегендерін де зерттеген. Сондықтан қаржылық сауаттылық бойынша курсты пайдалы деп есептеймін. Оны барлық білім беру мекемелеріне енгізу қажет. Сонда мектеп балаларды өмірге шын мәнінде дайындайтын болады.
– Оқу бағдарламасына не кіреді?
– Орталықта кәсіпкерлік ойлауды дамыту бағытында көбірек жұмыс істейміз. Бұл қаржылық сауаттылықтан гөрі тереңірек ұғым. Статистиканы келтірейін. Егер экономикалық секторды дамытудағы шағын және орта бизнестің рөлі туралы айтатын болсақ, онда басқа елдерде бұл пайыз 60% - ды, ал Қазақстанда тек 16% ғана. Сондықтан бұл бағытты дамыту керек.
Елімізде көптеген адамдар бизнес ашудан қорқады, тәуекелге баруға дайын болмайды, өз ісін жүргізу құралдарына ие емес. Шетелде кәсіпкерлік негіздерін бастауыш сыныптардан үйрете бастайды, ал бізде курс тек жоғары буынға арналған. Және оны пән мұғалімдерінің жүргізетіні дұрыс емес, сарапшылар сабақ беруі тиіс.
Оқу орталығында кәсіпкерлік ойлау негіздері жеке өсуді дамыту, жетістік стратегиясы және шешендік өнер арқылы оқытылады. Онда бала өзінің күшті және әлсіз жақтарын анықтай алады, менеджментті, жоспарлау қабілетін игереді. Негізгі міндет – мүмкіндігінше практикалық дағдыларды беру.
Сабақтарға кәсіпкерлерді шақырамыз, қаланың іскер әйелдер қауымдастығымен ынтымақтастық орнатамыз. Бірлестік өкілдері тәлімгерлер мен менторлар ретінде оқушылардың қызметін бағалайтын болады. Сондай-ақ заманауи коммуникациялық технологиялар бойынша мамандарды шақырамыз.
Студенттердің жыл бойғы міндеті – нарықтық сұранысты зерттеу және идеяны монетизациялау, екі жоба әзірлеу. Біреуі коммерциялық, ақша табуға мүмкіндік болса, екіншісі, адамдарға көмек көрсету мақсатындағы қайырымдылық жоба. Бұл жобамыздың құндылығы, біз әлеуметтік жауапкершілікті, қоғамға қызмет ету миссиясын насихаттаймыз. Мұнда, сондай-ақ кәсіптік бағдар беріледі, балалар өздерін бизнесте қай салаға бейім екендігін зерттеп біле алады. Олар біздің орталықтағы білімді ойын форматы арқылы алады.
Тіпті Instagram парақшаларын жүргізу және роликтер дайындау үшін біз тәрбиеленушілерімізді тартамыз, олармен келісім жасасамыз және ақша табуға мүмкіндік береміз. Бизнес-жобалар дайындауды, гранттар мен субсидияларды алуды үйретеміз, «Жас спикер және копирайтер» курстарын ұйымдастырамыз, сондай-ақ іскерлік ағылшын тілін оқытуды жоспарлап отырмыз. Біз балалардың бастамаларын қолдаймыз. Олар кез келген жұмысқа ақы төленетінін түсінуі керек. Әр топта 8-10 бала оқиды. Тәрбиеленушілердің ата-аналары үшін де курстар ашуды, оқушыларымызға табысты балалардың тарихын айтуды жоспарлап отырмыз.
–Қаржылық сауаттылық тұрғысынан өз балаларыңызды қалай тәрбиелейсіз?
– Алдымен, ата-ананың өзі үлгі болуы тиіс. Ақша мәселесінде жұбайымыз екеуіміздің де белгілі бір ережелеріміз бар. Балаларға ай сайын қалта шығындарын ғана береміз. Бірақ олар үй тапсырмасын орындау арқылы ақша таба алады. Төлемдер мен сатып алулардың міндетті тізімі бар, балалар бізден қымбат заттар мен гаджеттерді сұрамайды. Айтпақшы, ұлым үнемдеген ақшасына пернетақтаға сатып алды. 12 жасында біз оған банк картасын аштық. 9-сыныптағы қызым достарымен бірге өз бизнесін ашып, шоколад пен ашықхаттар дайындап, мереке күндері мектепке таратты. 10-сыныпта оқитын қызым ағылшын тілінен ақылы негізде сабақ берді. Ал қазір студент, қосымша жұмыс істейді. Мұның бәрі отбасынан басталады деп айту кездейсоқтық емес.
Көп таныстарымыз біздің тәрбиемізге және ақшаға деген көзқарасымызға таң қалады. Балаларыңыздн неге үнемдейсіз, деп сұрайды. Менің ойымша, бала ақшаның қалай келетінін білуі керек. Менің ойымша, өзіңді-өзің тәрбиелеу өмірде қаржылық сауатты болуға көмектеседі. Біз балалармен отбасылық бюджетті талқылаймыз, оларға ай сайын коммуналдық қызметтерге, тамақ пен киімге қанша ақша жұмсайтынымызды айтамыз.
– Қаржылық сауаттылық бойынша тәлімгер ретінде кімдерді оқуды ұсынасыз?
– Әрине, бұл Эстер Войджицкиді оқуға кеңес берер едім. Ол Стив Джобстың ұстазы, кейінірек балаларына сабақ берді. Тәлімгер табысты баланы қалай тәрбиелеу керектігі туралы жақсы кеңестер береді және ата-аналардың шексіз қамқорлығы неғұрлым күшті болса, бала соғұрлым әлсіз болады деп санайды. Ол үшін сәттіліктің бстамасы – балалардың тәуелсіздігі.
Сингапурлықтар балалардың сән-салтанат пен байлықта тәрбиеленуін құптамайды, керісінше оларды еңбекке баулуға тырысады. Бала саналы түрде өсуі керек. Әрине, ата-аналар осы мәселелерде балаларына үлгі болуы керек және ысырапшылдық көрсетпеуі керек.
Қаржылық сауаттылық дағдыларын дамытудың көптеген әдістері бар. Қаржы әлемінің қалай жұмыс істейтінін көрсететін «Монополия» ойыны да жақсы көмекші құрал.
– Халықаралық тәжірибеден қаржылық сауаттылықты дамыту тұрғысынан қандай мысалдар келтіре аласыз?
–Сингапурда тәжірибе алмасу кезінде колледждердің біріне бардық. Оқу орнындағы барлық инфрақұрылымды студенттер ұйымдастырады. Олар өз стартаптарын белсенді түрде дамытады, бизнес-инкубаторлар жұмыс істейді, студенттік дүкен де бар. Тіпті қоғамдық тамақтану орындарына да жасөспірімдер қатысады. Әркімнің өз міндеті бар, айталық, маркетолог, сарапшы, сатушы, аспазшы ретінде әрекет етеді. Студенттер тіпті колледж едендерін өздері тазалап, жуып, сол арқылы ақша табады. Оқу орнын бітіргеннен кейін олар дайын мамандар мен кәсіпкерлік дағдылары бар кәсіпкерлер болды.
– Ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Мен балаларға қалта шығындарын беруді қолдаймын. Бірақ бұл баламен және отбасылық кеңесте талқылануы керек. Балалардан бір айдағы барлық шығындарын жазуын сұраңыз. Бұл – жүзу секциясы, қоғамдық көлікте жүру, мектеп асханасында тамақтану болуы мүмкін. «Келісімшарттық саясат» деген ұғым бар. Сондықтан барлық мәселелерді балалармен талқылау керек. Қаржылық сауаттылық – бұл үнемдеу ғана емес, табыс табуды көру мүмкіндігі.