Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді. Президент қаржылық алаяқтыққа, әсіресе қаржы пирамидаларына қарсы күресті күшейту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президенттің айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігі бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Тек өткен жылы 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса азаматтың қаржысын тартпақ болған 15 мыңға жуық сайт пен 123 чаттың қызметі тоқтатылған.
Алайда Мемлекет басшысы қабылданып жатқан шаралар мен түсіндіру жұмыстары жағдайды түбегейлі өзгертпей отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, алаяқтар қаржы пирамидаларын түрлі инвестициялық және қаржы құралдары ретінде ұсынып, азаматтарды арбауына түсіріп келеді. Соның салдарынан көптеген адам бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр.
Осыған байланысты Президент қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа, тиімді тәсілдерін әзірлеп, проблеманың түпкі себептерін анықтау қажет екенін айтты. Сонымен қатар өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, азаматтарды алаяқтық схемаларға тартатын қаржы пирамидасының қатысушыларына қатысты қатаң құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды қылмыстық жауапкершілікке тартып, түрмеге қамау керек. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі мен Үкімет осы бағытта тиісті заңнамалық түзетулер ұсынса, мен қолдаймын. Батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңалуы екіталай, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қаржылық алаяқтықпен күресте жүйелі әрі қатаң шаралар қабылдау елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық банктердің бірі арқылы былтыр көршілес елден басқа мемлекеттерге 7 триллион теңгеден астам қаржы «жөнелтілгені» белгілі болды.