- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қаруын қаламға айырбастаған батыр: Мәлік Ғабдуллиннің фольклортану ғылымына қосқан үлесі қандай?
Қаруын қаламға айырбастаған батыр: Мәлік Ғабдуллиннің фольклортану ғылымына қосқан үлесі қандай?
Майдангер Мәлік Ғабдуллиннің «Қобыланды батыр» жырын зерттеуі қалай басталды және қазақ фольклортануына қандай жаңалық әкелді? Толығырақ BAQ.KZ материалында.
23 Қазан 2026, 09:52
Биыл қазақтың қаһарман ұлы, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 111 жыл. Оның есімі ел жадында майдан даласында ерлігімен танылған батыр ретінде сақталғанымен, ғылымдағы ізі де бір төбе. Қолына қару ұстаған жауынгер бейбіт өмірде қаламын серік етіп, халқымыздың ғасырлар бойы ауыздан ауызға жеткен асыл мұрасын жинап, зерттеуге ғұмырын арнады. Батырлар жырының әр нұсқасынан халықтың тарихы мен танымын таныған ғалым қазақ фольклортану ғылымына өшпес із қалдырды. BAQ.KZ тілшісі ғалымның халық ауыз әдебиетін зерттеудегі еңбегі мен жұрт біле бермейтін ерекше деректерді назарларыңызға ұсынады.
Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада қазіргі Ақмола облысында дүниеге келген. Оның ғылымға бет бұрған алғашқы қадамдары соғысқа дейінгі жылдардан басталады. 1938 жылы ол КСРО Ғылым академиясының Этнография институты ұйымдастырған фольклорлық конференцияға қатысып, «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» тақырыбында ғылыми хабарлама жасаған. Жас зерттеушінің бұл еңбегі кейін «Советский фольклор» жинағында жарияланған.
Ғалым мұнда Жамбылтану бөлімі ашылуы керек деген мәселе көтерген. Ұлы жырау Жамбылдың жемісті шығармашылығы, сол сияқты жыршы ақындардың мұрасы тиісті дәрежеде терең тексерілуі керектігі айтылған, – деп жазады Мәліктанушы Серік Негимов.
Сол кезеңде Ғабдуллин қазақтың халық әдебиетін жинау мен зерттеу мәселесіне айрықша назар аударды. Ол ел арасында сақталған шығармаларды қағазға түсіріп қана қою жеткіліксіз екенін, олардың шығу тарихын, мазмұнын және ерекшеліктерін де ғылыми тұрғыдан қарастыру қажет екенін түсінді.
1938 жылғы 21 тамызда «Төте жазу» газетінде жарияланған «Халық әдебиетін жинайық» атты мақаласында ғалым халық мұрасын жинау ісіне жүйелі түрде кірісу қажеттігін көтерген. Осы мақаласында Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын және өзге де жыршы-ақындардың мұрасын тереңірек зерттеу мәселесіне кеңінен талдау жасап береді.
Солай Мәлік Ғабдуллин Ұлт мәдениетін зерттеу институтының жанынан Жамбылтану бөлімінің ашылуына себепші болады.
Ғабдуллин халық арасында әлі хатқа түспеген көптеген құнды шығармалар барын ескертіп, оларды жинау ісін кейінге қалдырмауға шақырды. Сонымен бірге жазып алынған материалдарды ретке келтіру, ғылыми сипаттама беру және жинаушылардың еңбегін бағалау мәселелерін де сөз етті.
Бұл оның фольклорды зерттеуге сол кездің өзінде-ақ жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Ғалым үшін халық мұрасын сақтау – жекелеген зерттеушінің ғана емес, тұтас қоғамның міндеті еді.
«Қобыланды батыр»: майданнан кейін қорғалған диссертация
1939 жылдың сәуірінен бастап Мәлік Ғабдуллин қазақ ауыз әдебиеті бойынша аспирантурада білім ала бастайды. Ғылыми жетекшісі болып Мұхтар Әуезов белгіленеді.
1939 жылдың апрель айынан бастап мен аспирантурада қазақ ауыз әдебиеті бойынша даярлана бастадым. Ғылыми жетекшім Мұхтар Әуезов болып белгіленді, – деп еске алған ғалым.
Әуезов жас зерттеушіге ғылыми жұмыстың бағытын айқындауға көмектесіп, қазақ фольклорын тереңірек зерттеуіне ықпал етті. Мәлік Ғабдуллиннің кейінгі еңбектерінде батырлар жырына, оның нұсқалары мен көркемдік ерекшеліктеріне басымдық берілуі де осы ізденістермен байланысты.
Ғалым Серік Негимовтің зерттеуінде Ғабдуллиннің диссертация тақырыбы бастапқыда Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығына қатысты болғаны жазылады. Кейін зерттеу бағыты өзгеріп, тарихи жырлар мен батырлық эпосқа ойысқан. Бұл дерек жас ғалымның ғылыми ізденісі бірнеше кезеңнен өткенін аңғартады.
Кандидаттық диссертациясының тақырыбы, алдымен, Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығы (ғылыми жетекшісі Сәбит Мұқанов) болған екен. Содан кейін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты туған тарихи жырларды алыпты. Алайда, ұлтының ғасырлар бойғы ой-арманын көсілте айтқан зар заман тамыршысын, ұлт-азаттық сарындарды социалистік идеология зерттетпепті. Ең сонында «Едіге батыр» мен «Қобыланды батыр» жырларының тарихи тек-төркіндері деп аталыпты, – деп жазады «Мәлік Ғабдуллин – Қазақтың оқжетпесі» кітабында.
Ақыры Мұхтар Әуезов оған «Қобыланды батыр» жырын зерттеуді ұсынады. Ғабдуллиннің естелігінде ұстазының зерттеу тақырыбын ғана белгілеп қоймай, жырды қалай қарастыру керектігін және қандай мәселелерге назар аудару қажеттігін түсіндіріп, нақты жоспар жасағаны айтылады.
Зерттеу жұмысы соғысқа байланысты уақытында қорғалмай қалады. Мәлік Ғабдуллин майданға аттанған кезде диссертациясын Сәбит Мұқановқа аманат етіп тапсырғаны туралы дерек те бар. Соғыстан аман оралған соң, 1947 жылы ғалым «Қобыланды батыр» жырын ғылыми тұрғыдан зерттеуге арналған диссертациясын қорғады.
Батырлар жырының әр нұсқасында қандай сыр бар?
Мәлік Ғабдуллиннің фольклортанушы ретіндегі ерекшелігі – халық мұрасын тек жинаумен шектелмей, оның әртүрлі нұсқаларын салыстырып зерттеуге мән беруі. Әсіресе батырлар жырына келгенде, бір ғана мәтінге сүйеніп қорытынды жасау жеткіліксіз екенін айтқан.
«Халық фольклоры жайында» атты мақаласында ғалым нағыз фольклортанушы, бір жағынан, жалықпайтын жинаушы, екінші жағынан, байыпты зерттеуші болуға тиіс деген ой айтады.
Ал батырлар жырын зерттеуге қатысты пікірі оның ғылыми ұстанымын айқын көрсетеді:
Фольклорды, әсіресе батырлар жырын зерттеуде біздің алдымызда бірнеше күрделі міндеттер тұр. Ең алдымен, осы күнге дейін жиналмай, халық аузында қыдырып жүрген жырларды жинап алу керек, – дейді майдангер жазушы.
Ғалым бұдан әрі бір жырдың бірнеше нұсқасы болуы мүмкін екенін айтып, олардың барлығы зерттеу үшін құнды екенін атап көрсетеді. Жырлардың қай жерде, қалай айтылатынын салыстырумен шектелмей, әр нұсқадағы қосымшалар мен өзгерістерді де зерделеу қажет деп есептейді.
Бұл пікірдің мәні терең. Ауыз әдебиеті ұрпақтан ұрпаққа ауызша тарағандықтан, оны орындаушылар шығарманың кей тұстарын өзгертіп, толықтырып немесе өзінше жеткізуі мүмкін. Сондықтан әр нұсқаны салыстыру арқылы ғана жырдың таралу ерекшеліктерін, жыршылардың өзіндік қолтаңбасын және шығарманың көркемдік құрылымын тереңірек тануға болады.
Ғабдуллин «Қобыланды батыр» жырын зерттегенде де осы тәсілге сүйенді. Ол жырдың жиналу, жариялану және зерттелу тарихын қарастырып, әртүрлі нұсқаларын, кейіпкерлер жүйесін және поэтикалық ерекшеліктерін талдады. Сонымен қатар жырды жеткізген жыршы-ақындардың мектептеріне назар аударды. Зерттеулерінде Марабай жырау мектебі мен Нұрпейіс Байғанин және Мұрын жырау мектебіне қатысты нұсқаларды саралады.
Осылайша, «Қобыланды батыр» Ғабдуллин үшін тек батырдың ерлігін баяндайтын шығарма емес, халықтың тарихи жадын, көркемдік танымын және жыршылық дәстүрін танытатын күрделі мұра болды.
Ұстаз-педагог Мәлік Ғабдуллин өз лекциясында қазақта 600 батырлар жыры бар деуші еді, – деп еске алады Серік Негимов.
Бұл дерек Ғабдуллиннің халық мұрасын қаншалықты кең ауқымда қарастырғанын аңғартады.
Екі томдық жинақ және қазақ фольклорын жүйелеу
Мәлік Ғабдуллиннің халық әдебиетін жинақтауға қосқан үлесін Сәбит Мұқанов та жоғары бағалаған. Ол «Батыр бейнесі» атты естелігінде Ғабдуллиннің қазақ ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерінен тұратын екі томдық жинақ құрастырғанын жазады. Оның бірі – тоғыз дастанды қамтыған «Батырлық жыры», екіншісі – қырықтан астам шығармадан құралған «Айтыстар».
Сәбит Мұқанов батырлар жырын іріктеудегі Ғабдуллиннің еңбегін ерекше атап өткен. Бұл оның тек теориялық зерттеумен айналыспай, фольклорлық шығармаларды жинау, сұрыптау және оқырманға ұсыну ісіне де үлес қосқанын көрсетеді.
Ғалымның негізгі еңбектерінің бірі – «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты зерттеуі. Алғаш рет 1958 жылы жарық көрген еңбек кейін қайта басылып, жоғары оқу орындарында оқулық ретінде пайдаланылды.
Кітапта қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары жан-жақты қарастырылған. Ғабдуллин батырлар жыры мен лиро-эпостық дастандарға, айтысқа, мақал-мәтелдерге, жұмбақтар мен ертегілерге тоқталып, олардың ерекшеліктері мен тәрбиелік мәнін түсіндіреді. Сонымен бірге халық мұрасының жиналу, жариялану және зерттелу тарихына да назар аударады.
Зерттеуші фольклорлық шығармаларды жеке-жеке сипаттап қана қоймай, олардың өзара байланысын, жанрлық ерекшелігін және халықтың дүниетанымымен сабақтастығын ашуға тырысты. Асанқайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр сияқты халық жадында сақталған кейіпкерлерге қатысты деректерді қарастыруы да осы ізденістің бір бөлігі еді.
Зерттеуші, ұстаз, ғалым: Мәлік Ғабдуллиннің еңбегі
Ғабдуллиннің ғылыми еңбектері жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу материалдарын әзірлеуге де негіз болды. Ол қазақ әдебиетін оқытуға арналған оқулық жазып, педагогика саласында да еңбек етті.
Ғалымның бұл бағыттағы еңбектерінің ішіндегі ең көрнектісі – «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты монографиялық зерттеуі. Еңбекте ол қазақ фольклорын зерттеудің ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындап, батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс, мақал-мәтелдер, жұмбақтар мен ертегілердің ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар олардың халық өміріндегі, дүниетанымы мен тәлім-тәрбиесіндегі орнын ашып көрсетті.
Мәлік Ғабдуллиннің халық мұрасын тек жинақтап, сипаттаумен шектелмеді. Ол фольклорлық шығармалардың жанрлық табиғатын, көркемдік ерекшеліктерін және зерттелу тарихын жүйелеуге күш салды. Осы еңбектің жоғары оқу орындарына арналған оқулық ретінде бірнеше рет қайта басылуы оның ғылыми ғана емес, білім беру саласы үшін де маңызды болғанын көрсетеді.
Жазушының педагогикалық еңбектерінің бірі – 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы. 1952-1957 жылдары жарық көрген бұл оқулық кейін де қайта басылып, мектептегі әдеби білімнің дамуына үлес қосты.
Мәлік Ғабдуллин cоғыстан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтын басқарды, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болды. 1963 жылдан өмірінің соңына дейін Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімін басқарды.
Ғалымның ғылыми мұрасы халық әдебиетін жинау, жүйелеу және зерттеу ісімен тығыз байланысты. Ол батырлар жырын бір ғана нұсқамен шектеуге болмайтынын көрсетіп, шығармалардың таралу жолын, жыршылардың ерекшелігін және көркемдік сипатын салыстыра зерттеудің маңызын негіздеді.
Мәлік Ғабдуллиннің еңбектері қазақ фольклорын жоғары оқу орындарында оқытуға, халық мұрасына ғылыми тұрғыдан қарауға және оның байлығын кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосты. Оның зерттеушілік жолы халық арасында сақталған шығарманы қағазға түсірумен ғана шектелмей, сол мұраның мазмұны мен табиғатын терең түсінуге ұмтылудың үлгісі болып қалды.
Ең оқылған:
- Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа үлгісі енгізіледі
- Шығыс Қазақстан облысында 650-ден астам адам Қазақстан азаматтығынан айырылды
- Путин Украинамен үшжақты бейбіт келіссөздерді қайта бастауға келісті
- Жамбыл облысында бас медбике мен аурухана арасындағы еңбек дауы шешілді
- «10 млн теңге бермесең, көлігіңмен бірге өртейміз»: Шымкентте кәсіпкерді бопсалаған екі ер адам ұсталды
Жанерке Жәкен