Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Қарулы Күштері жеке құрамының 70 пайыздан астамы ревакцинациядан өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Ел әскерінде COVID-19-ға қарсы қайта вакцина салу жалғасуда. Бүгінгі күні Қарулы Күштерде әскери қызметшілер мен азаматтық персонал өкілдерінің 70,6 пайызы короновирусқа қарсы екпе алды.
Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскери емханалар мен тіркелген жері бойынша қалалық емдеу мекемелерінде ревакцинацияланады. Қайта вакцина салу мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мен әскери оқу орындарының курсанттарына тұрақты орналасу пунктерінде жүргізіледі.
Бұдан бөлек Бас әскери медициналық басқармасы көшпелі бригадалар жұмысын ұйымдастырды. Олардың егу бөлмелері әскери бөлімдердегі медициналық бөлімшелерге орналастырылды. Бұл әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың қызметтен қол үзбей процедурадан өтуіне ыңғайлы.