Қарулы күштердің әскери-спорттық көпсайысы аяқталды

18 Тамыз 2023, 21:07
938
Бөлісу:
Қарулы күштердің әскери-спорттық көпсайысы аяқталды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада Қарулы күштердің әскери-спорттық көпсайысы бойынша өткен чемпионат аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жарыс Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының, Бас штабтың және Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері арасында XIII Спартакиада аясында 68665 әскери бөлімінде өтті.

Чемпионат екі құрамда ұйымдастырылды. Біріншісінде Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб департаменттерінің, басқармаларының, орталықтарының атынан 25 команда сайысты. Екіншісі құрамда Қарулы күштердің бас басқармаларынан, басқармаларынан, әскери бөлімдері мен мекемелерінен 15 команда шықты. Командалардың құрамында үш ер адам мен бір әйел болды. Жалпы қатысқан әскери қызметшілер саны 160-тан асты.

Қарулы күштердің әскери-спорттық көпсайысы аяқталды

Әскери-спорттық көпсайысқа Калашников автоматынан ату, белтемірге тартылу, 100, 1000 және 3000 м жүгіру және гранаталарды қашықтыққа лақтыру кіреді.

Жарыс соңында Штаб бастығы – 68665 бөлім командирінің бірінші орынбасары подполковник Азамат Сүлейменов қатысушыларды құттықтап, ризашылығын білдірді.

Әскери-спорттық көпсайысты меңгеру – жеке құрамның жауынгерлік дайындығының маңызды көрсеткіші. Бұл жарыстарда өзіңнің ең мықты спорттық қырыңды танытып қана қоймай, жеңіске деген ерік-жігерді көрсеттіңдер. Осы жетістіктермен тоқтап қалмай, ары қарай дамытып, жетілдіруге тілектеспін, – деді ол.

Қарулы күштердің әскери-спорттық көпсайысы аяқталды

Чемпионат қорытындысы бойынша жеңіске Жауынгерлік даярлық департаментінің командасы жетсе, күміс жүлде – Әкімшілік департаментінің командасына, ал қола Жедел жоспарлау департаментінің командасына бұйырды. Екінші құрамда Әскери полиция бас басқармасының командасы жеңіс тұғырынан көрінді, екінші орынды – Тыл бастығының басқармасы, үшінші орынды – Ұлттық қорғаныс университеті алды.

Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы