Барлық әскери бөлім мен мекемеде әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналған іс-шаралар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2022 жылғы 6 қаңтарда Алматы қалалық әкімдігін бұзақылардан қорғау кезінде 35 гвардиялық десанттық-шабуылдау құрамасы командирінің орынбасары подполковник Сәндібек Хайыров ерлікпен қаза тапты. Талдықорғанда қызметтік борышын атқару кезінде авиациялық базаның маманы ефрейтор Ғабдолла Смайылқанов қаза болды. Сәндібек Хайыровты Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдері мен мекемелерінде бір минут үнсіздікпен еске алды. Подполковник Хайыров қызмет еткен Қонаев гарнизонының десанттық-шабуылдау құрамасында митинг өтті.
Қарулы күштерде Сәндібек Хайыров взвод командирінен десанттық-шабуылдау құрамасы командирінің орынбасарына дейінгі лауазымдарда қызмет атқарды. Ол нағыз десантшы ретінде соңғы сәтке дейін әскери борышына адал болып, ажалға қасқайып қарсы тұра білді. Жауынгер досымыз туралы естелік жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді десанттық-шабуылдау құрамасының командирі полковник Бейбіт Аманқалиев батырдың құрметіне ұйымдастырылған митингіде.
Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелерінде де еске алу іс-шаралары өтті.
Қайратты, жас жігіттердің кісі қолынан қаза болуы қандай қиын? Бұл біз үшін үлкен шығын. Ғабдолла Смайылқанов соңына дейін өзінің әскери борышы мен антына адал болды. Біз оны әрдайым есте сақтаймыз, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Әлім Ибраев.
Бүгін Талдықорғанда ефрейтор Ғабдолла Смайылқановтың құрметіне ол қызмет өткерген әскери бөлімде еске алу бұрышы ашылды. Іс-шараға Жетісу, Үштөбе гарнизондарының бастықтары, 21751 әскери бөлімінің командирі, қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындары қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, әскери борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін подполковник Сәндібек Хайыров ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, ефрейтор Ғабдолла Смайылқанов ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен (қайтыс болғаннан кейін) марапатталған болатын.