Қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөлінбейді - Тоқаев құрылыстағы олқылықтар жайлы

11 Шілде 2023, 13:42
1065
Бөлісу:
Қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөлінбейді - Тоқаев құрылыстағы олқылықтар жайлы
Фото: Арман Мухатов - архив

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй құрылысын ретке келтіру қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазіргі таңда Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылықтар өте көп. Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды, - деп атты өтті Тоқаев.

Оның айтуынша, құрылыс – экономиканың өте маңызды саласы.

Астанада құрылыс көп болғандықтан, қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Сондықтан, адал кәсіпкерлермен қатар, түрлі алаяқтар да пайда көріп қалуға тырысады. Кейбір компаниялар құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жұмыс істеп жатыр. Бизнесті тексеруге салынған тыйымды, яғни мораторийді желеу етеді. Сондай-ақ үлескерлерден заңсыз қаражат жинайды. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Әкімдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл үрдіске тосқауыл қоюы керек. Мұның бәрі жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына әкеп соқтырады. Әкімдік көз жұмып отыра берсе, бұл мәселе ушығып кетеді, - деді президент.

Тоқаев шенеуніктердің салғырттығы және жауапсыздығы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін екенін де айтты. Сондықтан, барлық салада, соның ішінде құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс.

Мен заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырдым. Бүгінде Астанада 4 мыңға жуық үлескер баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Бұл – өткір мәселе. Оны шешу үшін батыл қадамдар жасау қажет. Қазір бұл бағытта атқарылып жақтан жұмыстар жеткіліксіз. Биыл үлескерлері бар 16 үйдің құрылысын аяқтау керек. Жыл соңына дейін бұл мәселе толық шешімін табуға тиіс. Осындай құрылыстардың қайта пайда болуына жол бермеу қажет. Мен қаңтардағы жиында ескі және апатты жағдайдағы үйлерге қатысты кеңірек тоқталдым. Елорданың тұрғын үй қоры ескіріп барады. Бұл – әсіресе, шеткері орналасқан жеке секторға қатысты мәселе, - деді Тоқаев.

Оның сөзінше, көптеген азамат апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатыр.

Мұндай ғимараттарды сүріп тастап, орнына жаңа үйлер салу қажет. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Бастапқы кезеңде бұл жұмысқа мемлекет атсалысуы қажет. Шетелде мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, бұл іске міндетті түрде бизнесті тарту керек. Тұрғын үй қорын жаңартудың басқа жолы жоқ, - дейді мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы