Қарин: Ұлттық болмысты сақтай отырып, өркениетті ел болуға ұмтылу – біздің ортақ мүдде

25 Ақпан 2022, 15:54
1707
Бөлісу:
Қарин: Ұлттық болмысты сақтай отырып, өркениетті ел болуға ұмтылу – біздің ортақ мүдде

Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған конференцияда ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин «Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуір мен қазіргі тәуелсіздік заманын байланыстыратын ортақ мүдде – ұлттық болмысты сақтай отырып, өркениетті ел болу» екенін айтты.

«Жиырмасыншы ғасыр басында қазақ зиялылары ұйымдасып, халқының азаттығы үшін күреске шыққаны баршаңызға мәлім. Ахмет Байтұрсынұлы осы күресте Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Жақып Ақбаев сияқты серіктерімен бірге ұлттың көшін бастады. Ахаң Алаш қозғалысының қарлығашы – Қарқаралы құзырхатын ұйымдастырды. Халықты оятқан «Қырық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтарын шығарды, «Тіл құралдарын» жазып, елдің жаппай сауатын ашты. Ұлтты үн жариясы болған «Қазақ» газетінің Бас редакторы болды. Бұл Ахаңның елге сіңірген өлшеусіз еңбегінің бір парасы ғана», -деді  Ерлан Қарин. 

Оның айтуынша,  Алаш арыстары халқымыз үшін аса күрделі кезеңде олар нағыз ұлт қайраткері бола білді. 

Алаш арыстары өз замандастарының ғана емес, кейінгі барша ұрпақтың бойына ел үшін емірене еңбек етуге деген құлшынысты сіңіре алды. Қазіргі тәуелсіздік дәуірінің перзенттері сол тағылыммен сусындап келеді. Біз Алаш қайреткерлерінің дара жолынан өнеге алып қана қоймай, оны әрдайым басты бағдар етіп ұстанамыз, өйткені Ахаң сияқты жасампаз тұлғалардың еңбегі тәуелсіздік құндылықтарымен тікелей астасып жатыр». «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» демейтін бе еді Ахаңның өзі? Халқымыз алдыңғы буынның азаттық жолындағы күресінен тәлім ала білуі тиіс. Өткен ғасырдың басы еліміздің азаттық жолындағы күрес кезеңі ғана емес, ауқымды ағартушылық дәуірі ретінде тарихқа енді. Бастауында Шоқан, Ыбырай, Абай тұрған ағартушылық идеялар Ахаңдардың тұсында жаңаша өрістеді. Сөйтіп бұл кезең қазақтың жаңғыру кезеңі болды, - деді Мемлекеттік хатшы.

Мемлекеттік хатшы Ахмет Байтұрсынұлы дәуірі мен қазіргі Қазақстанның ортақ мүддесі ұлттық құндылықты сақтай отырып, жасампаздыққа ұмтылу екенін атап өтті.

Дүниежүзінің тарихына зер салсақ, халықтар мен мемлекеттер реформатор тұлғалардың арқасында дамудың жаңа белестеріне көтерілген. Ахаң - қазақ үшін осындай тұлға. Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуір мен қазіргі тәуелсіздік заманын байланыстыратын ортақ мүдде – ұлттық болмысты сақтай отырып, өркениетті ел болу. Ұлт ұстазы қай заманда да халқымыздың ұлы көсемі болып қала береді, -деді ол.

Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы Ахаң мен оның замандастары, рухтастары егемендігін арман еткен туған жерінде, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерде кең көлемде аталып өтілмек.

Бұл халықаралық конференция – еліміздегі Ахмет Байтұрсынұлына арналған шаралардың беташары, яғни алғашқы ашылу салтанаты. Конференцияға еліміздегі және шетелдік ахметтанушы ғалымдар, тілтану, тарих, т.б. ғылым салаларындағы белгілі зерттеушілер қатысып, баяндамалары тыңдалды. 

Аружан Алпысбай

Өзгелердің жаңалығы