Қарин қырғыз жастарының өкілдерімен кездесті

19 Сәуір 2024, 17:19
287
Бөлісу:
Қарин қырғыз жастарының өкілдерімен кездесті
Фото: Ақорда

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың елімізге ресми сапары аясында өтіп жатқан қазақ-қырғыз жастар форумына қатысушылармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Жиында Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан жастарының құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге айрықша мән беретінін атап өтті. Президенттік жастар кадр резерві, жастар кәсіпкерлігін дамыту, сондай-ақ креативті индустрияны құру үшін дарынды жастарға қолдау көрсету сияқты жас ұрпақтың мүддесін және қажеттілігін ескеретін жобалар мен бағдарламалар – соның айқын дәлелі.

Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес жастар саясатын қалыптастырумен және оны жүзеге асырумен айналысатын негізгі құрылым саналады. Жастар оның жұмысына белсенді араласып, түрлі идеялар мен жобалар ұсынады, осылайша еліміздің дамуына үлес қосады.

Мысалы, Кеңес мүшелері Мемлекеттік жастар саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуге тікелей атсалысты. Сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерінің бастамасымен Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Қазіргі уақытта Кеңес заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрес жөнінде кешенді жоспар әзірлеп жатыр.

Кездесу соңында Ерлан Қарин қырғыз жастарын қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Өзгелердің жаңалығы