Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қолданыстағы Ата Заңның қазақшасындағы калька ұғымдарды атап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
1995 жылы қабылданған Конституцияда кездесетін өрескел қателер, әртүрлі құқықтық шешімдерге жетелейтін терминдер мен тіркестер анықталды. Мысалы, қазіргі Конституцияда «Мемлекеттік Гимн» деп жазылған. Мұны көпшілік «Мемлекеттік Әнұран» деп қолданады. Комиссия мүшелері Конституция жобасына «Мемлекеттік Әнұран» деп енгізуді ұсынды. «Әнұран» – тілімізге әбден енген сөз әрі мағынаны толық береді, - деді ол.
Ол сол секілді, «әскерилендірілген құрамалар құруға» сөзі «әскерилендірілген жасақтар құруға» деп өзгертілгенін, «құрама» сөзі қазір мүлде басқа мағынада қолданылатынын айтты. Сондай-ақ 1995 жылы қабылданған Конституцияда «сайлау тағайындайды» деген тіркестің орынсыз қолданылғанын мәлімдеді.
Сайлау тағайындалмайды, дұрысы – сайлау өткізу туралы шешім қабылданады. Осы жағдай да ескерілді. 1995 жылы қабылданған Ата заңда «азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асырады» деген сөйлем бар. Калька аударма екені бірден байқалып тұр. Сондықтан оны «кешірім беру туралы шешім қабылдайды» деп өзгерту ұсынылды, - деді Мемлекеттік кеңесші.
Ол бірқатар калька аудармаларға тоқталып, мұндай мысалдар өте көп екенін және бәрін айтып шығу мүмкін емес екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Ерлан Қарин Конституция алғаш рет қазақша жазылып жатқанын айтты.