- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қарбызды қай уақыттан бастап жеген дұрыс? Дәрігер кеңес берді
Қарбызды қай уақыттан бастап жеген дұрыс? Дәрігер кеңес берді
Ерте піскен қарбыздардың құрамында нитрат мөлшері жоғары болуы мүмкін. Маман жазғы жемісті қашан және қанша мөлшерде тұтыну керегін түсіндірді.
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
Бүгiн 2026, 17:47
Жаз мезгілі басталысымен базарлар мен дүкен сөрелерінде қарбыз бен қауын көбейеді. Көпшілік бұл өнімдерді шөл басатын, ағзаға пайдалы жазғы ас ретінде тұтынады. Алайда мамандар ерте піскен қарбыздарды шамадан тыс жеудің денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді. BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында нутрициолог дәрігер, Астана медицина университеті жанындағы академик Е.Д. Даленов атындағы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрберген қарбыз бен қауынның пайдасы мен зияны туралы айтып берді.
Қарбыз бен қауынның ағзаға қандай пайдасы бар?
Маманның айтуынша, қарбыз бен қауын – дәрумендер мен минералдарға бай өнімдер.
Қарбыз бен қауынның ағзаға пайдасы өте көп. Олардың құрамында дәрумендер мен минералдар жеткілікті мөлшерде кездеседі. Сонымен қатар ағзаны сумен қамтамасыз етіп, шөлді жақсы қандырады. Әсіресе жаздың ыстық күндерінде бұл өнімдер сұранысқа ие болады, - дейді дәрігер.
Алайда пайдалы қасиеттеріне қарамастан, қазіргі нарықтағы қарбыздардың басым бөлігін өсіру кезінде әртүрлі тыңайтқыштар мен химиялық қоспалар қолданылатынын ескерген жөн.
Неге ерте шыққан қарбыздарға сақтықпен қарау керек?
Жанна Нұрбергеннің сөзінше, Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне байланысты қарбызды табиғи жағдайда ерте мерзімде өсіру қиын.
Қазіргі таңда бәріміз білеміз, қарбыз бен қауын өсіргенде түрлі тыңайтқыштар мен нитраттар қолданылады. Өйткені біздің климаттық жағдайымыз өнімді қысқа мерзімде табиғи жолмен өсіруге әрдайым қолайлы емес. Сондықтан оларды дұрыс таңдап, мөлшерден асырмай тұтыну өте маңызды, - дейді маман.
Оның айтуынша, көп адам «қарбызды қай уақыттан бастап жеуге болады?» деген сұрақ қояды.
Негізінен қарбыздың табиғи түрде толық пісетін кезеңі тамыз айының ортасынан басталады. Ал маусым және шілде айларында сатылатын өнімдердің құрамында нитрат мөлшері жоғары болуы мүмкін. Өйткені өндірушілер тез өнім алу үшін әртүрлі пестицидтер мен тыңайтқыштарды пайдаланады, - дейді ол.
Күніне қанша қарбыз жеуге болады?
Дәрігер дені сау адам үшін де қарбызды шектен тыс тұтынуға болмайтынын айтты.
Жалпы дені сау адамға күніне қарбыздың жұмсақ бөлігін есептегенде шамамен жарты килограмға дейін жеуге болады. Бірақ қазіргі жағдайда қарбызды көп мөлшерде тұтыну қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан сақтық қажет, - дейді Жанна Нұрберген.
Кім қарбызды абайлап жеуі керек?
Маман кейбір аурулары бар адамдар үшін қарбызды шектеу қажет екенін атап өтті.
Егер адамда қант диабеті, бүйрек аурулары немесе асқазан-ішек жолдарының сырқаттары болса, қарбызды өте сақтықпен тұтынған жөн. Тіпті дәрігермен кеңескен дұрыс. Өйткені қарбыз құрамында табиғи қант мөлшері жоғары. Сонымен қатар оның 80-90 пайызы судан тұрады. Бұл кейбір бүйрек аурулары бар адамдардың жағдайына кері әсер етуі мүмкін, - дейді ол.
Қарбызды нанмен жеуге бола ма?
Көпшілік арасында қарбызды нанмен жеу туралы пікірлер жиі айтылады.
Көп адам қарбызды нанмен жеуге бола ма деп сұрайды. Менің есімде, бала кезімізде әкем қарбызды қара нанмен жейтін. Бұл жерде ең маңыздысы - қандай нан тұтынатыныңыз. Егер ақ нанмен бірге көп мөлшерде қарбыз жесеңіз, ағзаға артық калория түседі. Оның денсаулыққа пайдасынан зияны көбірек болуы мүмкін. Ал қара нан немесе кебекті нанмен бірге аз мөлшерде тұтынуға болады, - дейді нутрициолог.
Қарбыз диетасы арқылы арықтауға бола ма?
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде қарбыз арқылы арықтау тәсілдері жиі насихатталады. Алайда дәрігер мұндай диетаны қауіпті деп санайды.
Артық салмақтан арылу үшін тек қарбыз жеу үлкен қателік. Бұрын ауылдық жерде өз бақшасында өсірілген табиғи қарбызды көп жеген адамдарға оның айтарлықтай зияны болмауы мүмкін еді. Бірақ қазіргі жағдайда қарбыз құрамында нитрат мөлшері жоғары болуы мүмкін. Сондықтан тек қарбызға негізделген диета ұстану өте қауіпті, - дейді маман.
Оның пікірінше, ағзаға шамадан тыс нитрат пен химиялық заттардың түсуі түрлі денсаулық мәселелеріне әкелуі мүмкін.
Қазіргі қарбыздардың құрамында нитрат мөлшері көп болуы мүмкін. Сондықтан күні бойы тек қарбыз жеп жүру дұрыс емес. Бұл ағзаны улап, кейін денсаулыққа кері әсер етуі ықтимал, - дейді ол.
Қарбызды қаншалықты жиі жеуге болады?
Маман қарбызды күн сайын тұтынуға кеңес бермейді.
Тамыз айының ортасынан кейін аптасына екі-үш рет қарбыз жеуге болады. Бірақ күнделікті таңнан кешке дейін қарбыз жеп жүру дұрыс емес. Мұндай жағдайда ағзаға көп мөлшерде нитрат пен химиялық заттар түседі, - дейді дәрігер.
Қаладағы қарбыздар қаншалықты табиғи?
Жанна Нұрберген қазіргі кезде табиғи жолмен өсірілген қарбыздарды табу қиын екенін айтты.
Бұрын қарбыз өте пайдалы өнім деп айтып жүрдік. Бірақ қазір жағдай өзгерді. Қалаларда толықтай табиғи қарбыз табу өте қиын. Тіпті мүлдем жоқ деуге де болады. Сондықтан қарбызды мөлшермен тұтынған дұрыс, - дейді ол.
Маманның айтуынша, ең қауіпсіз кезең - қарбыздың табиғи маусымы.
Тамыз-қыркүйек айларында, әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде жаңа піскен маусымдық қарбыздар шығады. Егер ешқандай артық химиялық қоспасыз өсірілген өнім болса, оның ағзаға пайдасы әлдеқайда жоғары болады. Өкінішке қарай, мұндай қарбыздар қала тұрғындарының қолына әрдайым жете бермейді, - дейді нутрициолог.
Дәрігердің сөзінше, қарбыз бен қауыннан толықтай бас тартудың қажеті жоқ. Бірақ оларды дұрыс уақытта және мөлшермен тұтыну маңызды.
Ең бастысы - ерте шыққан өнімдерге сақтықпен қарап, қарбызды шектен тыс жемеген жөн. Ал табиғи маусымда піскен өнімдерді таңдау денсаулық үшін анағұрлым қауіпсіз болмақ.
Ең оқылған:
- "Александр Пактың қанынан алкоголь табылған": Адвокат куәгерлер сөзі мен сараптама арасында қайшылық барын айтты
- Бектенов жаңа зауыттарды тексерді: Елордада енді қандай өнімдер шығарылады?
- Қанға толы шприцтер: БҚО-дағы ауыл маңынан сұмдық видео тарады
- Өзбекстанда газ құю бекетінде болған жарылыстан 6 адам мерт болды
- Иран мен Израиль әскери соққыларды тоқтатқанын мәлімдеді