Қарбыз – түрлі дәруменге бай, пайдалы екені белгілі. Аптап ыстықта шөлді басатын сусын, әрі қан қысымын төмендетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеміс-жидек сататын дүңгіршектер мен дүкен сөрелерінде қарбыздың сатылып жатқанына біраз болды. Алайда оны қай уақыттан бастап жеген дұрыс?
Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев қарбызды жеуге асықпауға кеңес береді.
Қарбыздың ең «жылдам пісетін» сұрыптары шілденің соңына қарай жеуге жарамды болады. Сондықтан қарбыздың нағыз пісетін уақыты – тамыздың соңы мен қазан аралығындағы кезең. Қарбыз бен қауын ыстықты жақсы көреді, күн сәулесінің мол түсуінен піседі. Қазір біздің дүкен сөрелерінде сатылып жатқан қарбыз бен қауындар – Түркия немесе Өзбекстаннан импортталған немесе жылыжайда өсірілген, - деп түсіндірді ведомство өкілі.
Оның айтуынша, жылыжайда өскен жемістен қауіпті.
Жылыжай жидектерін өсіру үшін минералды тыңайтқыштар көп қосылады. Осылайша, жеміске нитраттар шамадан тыс жиналып, адамдар қарбыздан уланып қалулары мүмкін. Бақша дақылдарын өсіру кезінде әртүрлі химикаттар, яғни пестицидтер қолданылады. Сондай-ақ қарбыз гербицидтермен, фунгицидтермен және инсектицидтермен өңделеді, - деді Мұхамғали Арыспаев.
Сонымен қатар ведомство басшысының орынбасары дақылдарға себуге болатын нитраттардың көлемі 60 мг/кг деп отыр.
Нағыз піскен қарбыз біздің нарыққа тамыздың екінші жартысында егіс алқаптарынан келеді. Міне, сол кезде ол нағыз дәмді әрі денсаулыққа пайдалы. Алайда бұл қазір сатылатын барлық бақша өнімдері «қауіпті» деген сөз емес. Кейбір оңтүстік елдердің климаттық жағдайлары маусым айында қарбыздың табиғи жолмен пісуіне мүмкіндік береді. Қарбыз пен қауын елорда базарларына келер алдында ведомстволық зертханалар оларға міндетті түрде сараптама жүргізеді. Егер нитраттардың көрсеткіштері нормадан асып кетсе, онда барлық келген партия алынады және сатуға рұқсат етілмейді, - деді Мұхамғали Арыспаев.